2028 жылға дейін елде 4 жылу электр орталығын салу жоспарланған.
Жаңа стансалар Семей, Өскемен, Көкшетау және Қызылорда қалаларында бой көтереді. Бүгінде нысандардың құжаттары әзірленіп, инвесторлармен келісімдер жүргізілуде. Жобаның жүзеге асырылуы салаға серпін беріп, өңірлердегі энергетикалық инфрақұрылымды кешенді жаңғыртуға септігін тигізбек. Семей халқының саны күннен күнге артып жатыр. Сәйкесінше жұмыс істеп тұрған қазандықтардың қуаты жеткіліксіз. Одан қалды жылу желілерінің 60 пайызы тозған. Сондықтан қалада жаңа жылу электр орталығын салу қолға алынды. Нысан қаланың сол жағалауында – Степной кентінде бой көтереді. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Мамандар енді мемлекеттік сараптама үшін құжат даярлауға кірісуі қажет.
Әнуарбек Шәкенов, Абай облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің бас маманы:
- Жылу электр орталығы жобасының мемлекеттік сараптама қорытындысы 2025 жылдың екінші тоқсанында белгілі болады. Содан кейін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жылдың соңына қарай аяқталады. Сол жұмыстардың қорытындысы бойынша нысан құрылысының құны және негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштері анықталады.
Семейден бөлек, Көкшетау және Өскемен қалаларында жаңа жылу орталықтары салынады. Ал Қызылордада бой көтеретін төртінші орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Қуаттылығы 240 мегаватт болатын жобаның құны 215 миллиард теңге. Оның инвесторы – түрік компаниясы.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Қызылорда қаласында аукцион арқылы ұтып алған инвестор өзінің қаражатына салады, сосын электростанция жұмыс істей бастағанда нарықтан тұтынушылардың төлеген тарифы арқылы өзінің инвестициясын қайтарады. Жаңағы үш электростанциялары жөнінде дәл солай, бірақ ол аукцион емес, үкіметаралық келісім бойынша. Жобалық-сметалық негіздемелер бекітілгеннен кейін тиісті тариф бекітіледі. Ол осы инвестиция салынып болған соң тариф арқылы қайтарылады. Мемлекеттен ешқандай қаражат бөлінбейді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше республика бойынша биылғы жылыту маусымы ойдағыдай болды. 10 энергоблок, 55 қазандық және 45 турбина күрделі жөндеуден өтті. Елдегі 12 жылу электр орталығында жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Илья Рожков, ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
- Бүгінде маңызды жетістік – елдегі 12 жылу электр орталығы жағдайының түзелгені деп нық айта аламыз. 9 орталықты «қызыл» аймақтан «сарыға», 3 нысанды «сарыдан» «жасылға» өткіздік. Көрсеткіштерін жақсартқандардың қатарында Екібастұз, Жезқазған, Балқаш және Риддер секілді бірқатар станция бар.
Ұлттық энергетикалық модернизация жобасы – ₸4 трлн;
77,5 мың шақырым электр желісі;
1,6 мың шақырым жылу желісі.
2029 жылға дейін «Ұлттық энергетикалық модернизация жобасын» жүзеге асыру жоспарда бар. Оның аясында елдегі 77 мың шақырымнан астам электр мен 1,5 мың шақырымнан аса жылу желілері жаңартылады. Оған 4 трлн теңгені бөлу қарастырылып отыр. Бұдан бөлек, алдағы төрт жылда 29 жобаны сәтті жүзеге асырып, электр станцияларының орташа тозуын 40 пайызға дейін азайту көзделді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ЖЭО #нысан #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz