Шымкент қаласында мемлекеттік сатып алу саласына жасалған жан-жақты талдау қорытындысында бюджеттен 4 млрд теңге үнемделді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мәлімдеді.
Тексеру барысында мектептердің материалдық базасын нығайту мен биология кабинеттерін жабдықтауға артық қаржы бөлу жоспары анықталған. Яғни негізсіз жарияланған тендерлер тізіміне осы бағыттағы шығындар да енген. Сонымен қатар коммуналдық төлемдерге жұмсалатын қаражаттың да шектен тыс есептелгені белгілі болды. Коммуналдық мекеме қызметкерлері жыл бойы жолды жөндеуге қазынадан 759 млн теңгеге артық қаржы сұраған. Анықталған заң бұзушылықтар үшін бюджеттік жоспарға қол қойған бес лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, Ішкі аудит департаментіне қосымша тексеру жүргізу тапсырылып, кінәлілерді тәртіптік жазаға тарту бойынша нұсқау берілді.
Жандос Бекасанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- Мемлекеттік сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын үнемдеуге бағытталған белсенді жұмыс жалғасуда. Біз тиісінше материалдарды жинақтап, қалалық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолдаймыз. Ол жақта тиісінше тектеру жұмыстары жүргізіліп, осы баппен әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Шымкент #бюджет #қаржыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz