RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда түнде көше кезген 700-ден астам жасөспірім жауапқа тартылды

16.04.2025, 16:52 470

Алматыда соңғы 5 күнде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің арасында 800-ге жуық құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды 24kz.

Атап айтқанда, 700-ден астам бала түнгі мезгілде ата-ананың қараусыныз сыртта жүрген. Қалғандары ойын-сауық орындары мен түнгі клубтарда болған. Осының бәрі «Жасөспірім» жедел іс-шарасы барысында анықталды. Бұл шара 10 сәуірден 6 мамырға дейін еліміз бойынша өтіп жатыр. Мақсаты кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу.

Кәмелетке жасы толмағандар түнгі сағат 23:00-ден кейін далада жүрсе, қасында заңды өкілі болуы керек. Оны жасөспірімдер де, олардың ата-аналары да жақсы біледі. Бірақ заңды елемейтіндер жиі кездеседі. Түннің бір уағы болса да, үйге қайтуға асықпайтындар көп. Бірі кафеде, бірі сыртта қыдырып жүр. Оған рейд барысында көз жетті. Тіпті басқа мемлекеттен келіп, заңды өкілсіз қалада сайрандап жүрген жасөспірім де кездесті. Туысымын деген азаматтың қолында сенімхат жоқ болып шықты.

Зарина Бейсенова, Жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік аға инспекторы:

- Енді жіберіп жатыр. Бала біздің мемлекетке қашан келген? 10 күн болды, 10 күннен бері. Менің туған ағамның баласы. Бұл кәмелете толмаған бала болған соң заңды өкілімен міндетті түрде бірге болуы керек. Мен түсінемін, ержетіп қалған шығар мүмкін, бірақ қалайда кәмелетке жасы толмаған бала болған соң заңды өкілімен болуы керек.

Тәртіп сақшылары Қырғызстаннан келген баланы қолдау орталығына орналастырды. Оны заңды өкілі құжаттарын рәсімдеп болғаннан кейін осы жерден келіп алып кетеді. Полицейлер түнгі ойын-ауық орталықтары мен компьютер клубтарына бас сұғып, жастармен және мекеме иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кәмелетке жасы толмағандарды түнгі уақытта ішке кіргізгені үшін 15 кәсіпкерге айыппұл салынды. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанатын болса, мекемені жабуға тура келеді. Ал, балалардың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жанна Шонжанова, қалалық ПД ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы:

- Әкімшілік құқықбұзушылық баланың үйден тыс жерде жүргені бірінші факт болатын болса, біз әрине, ескерту ретінде әкімшілік шара қолданамыз. Егер 1 жылдың ішінде ондай фактілер қайталанса, онда 10 айлық есептік көрсеткіш ретінде айыппұл салынады.

Мұндай жедел іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттырумен қоса, жасөспірімдердің қауыпсіздігін қамтамасыз етеді. Полицейлер: «Кейде ата-аналар баласының қайда, кіммен жүргенін білмейді», - дейді.

Зарина Бейсенова, Жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік аға инспекторы:

- Сізге Алмалы аудандық полиция басқармасына келуіңіз қажет. Кәмелетке толмаған қызыңызды алып кетуіңіз керек және сізге қатысты әкімшілік хаттама толтырылады. Қасында кім бар?

- Қасында жас балалар жүр.

- Ол тұлғалар заңды өкілі ретінде танылмайды. Сол себепті заңды өкіліне ғана беріледі.

Жедел іс-шара басталғалы бері 22 ата-ана бақылауға, 14 жасөспірім есепке алынды. Қиын жағдайға тап болған тағы бірнешеуі балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Ата-аналық міндетін тиісінше орындамағандар жауапқа тартылды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz