Әлемнің ірі медиаресурстары Орталық Азияға қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан II Орталық Азия медиафорумында айтылды, деп хабарлайды 24kz.
Жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мен Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да мемлекеттерден келген 700-ден астам маман қатысты. Сарапшылар цифрлық трансформацияның өңірлік ақпараттық кеңістікке әсерін талқылап, әлемдік трендтерді ортаға салды. Орталық Азияның медиа және халықаралық серіктестік өкілдері өзара ынтымақтастықты нығайта түсу қажеттігін алға тартты. Бұл тұста Қазақстанның ақпарат тарату саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Бұл форум Орталық Азия елдерінің ақпарат айлағындағы ортақ мәселелерді «кеңесіп шешетін, келісіп, пішетін» ортақ алаңға айналып үлгерген. Бүгін де сол әдеттен танбады. Таңсәріден басталған шарада түрлі түйткілді мәселелер талқыланды. Мақсат біреу – медиа саласындағы трендтер көшінен қалмау, ақпараттық қауіпсіздік мәселесінде бірлесе әрекет ету. Осылайша, жаһандық медиа алаңға «Бір қолдың саласындай» бірлесе шығу қажеттігі айтылды. Ауқымды шарада сөз алған мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстанның халықаралық ресурстармен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отырғанын атады. Мәселен, өткен жылдың тамыз айында Орталық Азия бойынша Астанада «Euronews»-тің өкілдігін ашу туралы келісім жасалды. Енді бұл аймақтағы барлық елдерімен ортақ тарихи және мәдени мұраны көрсететін бірлескен медиажобалар жасалады.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Бүгінгі форум өзекті мәселелерді ашық талқылап қана қоймай, аймақтағы бірлескен ақпараттық жұмыстың ортақ тәсілдерін әзірлей алатын бірегей алаңға айналды. Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесі бірнеше рет талқыланғаны мәлім. Былтыр Астанада өткен Консультативтік кездесуде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдер жасау туралы бастама көтерді.
Орталық Азия елдерімен бірлескен медиажобалар жасау жұмыстары жандана түскен. Бүгінде бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу көзделіп отыр. Тағы айта кетерлігі, жарға жығатын жалған ақпарат Қазақстан ғана емес Орталық Азия елдерінің ортақ проблемасына айналған. Сондықтан ақпарат қауіпсіздігін жұмыла қорғау маңызды. Бұл тұста Қазақстанның тәжірибесі мол. Мәселен, Өзбекстан біздің елмен ақпарат саласында әріптестікті нығайтуды көздеп отыр. Әсіресе, онлайн-платформаларда ақпарат таратудың қыр-сырын меңгермек. Естеріңізге сала кетейік, былтыр Президент тиісті Заңға қол қойған болатын.
Асаджон Ходжаев, Өзбекстан Республикасы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры:
- Қазақстанның онлайн-платформалармен жұмыс істеуде тәжірибесі ұшан теңіз. Сондай-ақ заңсыз пен жалған ақпаратты таратуға қарсы күресте айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп отыр. Сондықтан біз Қазақстанның осыдан бір жарым жыл бұрын қабылданған заңы мен әлеуметтік желілердің барлық ірі әкімшіліктерімен орнатқан ынтымақтастығына қызығушылықпен қараймыз. Әрі болашақта тәжірибе алмассақ деген ұсынысымызды айтты. Себебі, кәмелетке толмағандарды цифрлық кеңістікте қорғау – біздің басты міндетіміз.
Елімізде осыған қатысты қабылданған шаралар өз нәтижесін беріп жатыр. Бүгінде ақпараттық кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қорғайтын арнайы шарттар бар. Мәселен, балғындар үшін тыйым салынған контенттің тізбесі бекітілген. Ақпараттық өнімдерге жас шектеулері тағы бар. Ал, фейктерге қарсы күресте «Stopfake.kz» қазақстандық жобасы сәтті жұмыс істеп келеді.
Ин Ван, Қытай медиа корпорациясы Еуразиялық бюросының директоры:
- Қазақстан медиасы Орталық Азия елдері арасында өте тез дамып келеді. Біз Қытай аудиториясына көрші елдерде болып жатқан оқиғаларды үлкен қызығушылықпен таратамыз. Бұл тұста бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен жұмысы өте маңызды. Яғни, ақпараттық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және медиа саласындағы өзара байланысты дамыта түсуіміз қажет.
Айта кетейік, Аида Балаева форум барысында Орталық Азия журналистер академиясы мен креативті хаб құруды ұсынды. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдеріне арналған ортақ сыйлық тағайындау бастамасын алға тартты. Жалпы Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан, әлеуеті орасан зор аймақ. Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасын жалғайтын алтын көпір. Демек алыс-берісті медиа саласында да жаңғырту маңызды. Сонда ғана өңір елдерінің контентін халықаралық медиаплатформаларда кеңінен таныта аламыз.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мерей Талап
Тегтер #Астана #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz