17 сәуір - Өртке қарсы күрес қызметі мамандарының төл мерекесі.
От-жалынның ортасына қаймықпай кіріп, адам өмірін арашалап жүрген өрт сөндірушілер қандай құрметке де лайық. Елдегі ең алғашқы кәсіби өрт сөндіру бөлімі осыдан 160 жыл бұрын Оралда жасақталды.
Көріп тұрғандарыңыздай, қазір біз еліміздегі ең ежелгі өрт сөндіру бөлімінің өрт бақылау мұнарасына көтерілдік. Бұл мұнара өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін яғни телефон жаппай қолданысқа енгенге дейін пайдаланылған. Ол кезде қала шағын болған. Қазіргідей 5 қабат, 9, 12 қабатты ғимараттар болмаған. Бүкіл қала осы жерден алақандағыдай көрінген. Қай жерден түтін шықса, өрт сөндірушілер сол жерге тезірек жетуге тырысқан.
Сол кездегі ғимарат қазір де қаз-қалпында сақталған. Ол замандағы ат-арба, бөшке мен қолсорғының орнын заманауи техникалар басса, сол кездегі атқораның орнында өрт сөндірушілер мұражайы орналасқан. Әрбір жәдігерде өткен ғасырдағы құтқарушылардың алақанының табы қалған. Мысалы мына су шашу түтігін Филипп Выручков қолданған. Ол 1925 жылы Орал электр стансасын сөндіру кезінде бір көзінен айырылды. Соған қарамастан қызметке қайта оралып, екі жылдан кейін өз міндетін орындау кезінде ерлікпен қаза тапты.
Наталья Гуркина, Өрт сөндірушілер мұражайының меңгерушісі:
- Гагарин аялдамасында орналасқан өрт сөндіру бөлімін архив құжаттарымен дәлелденген ең көне бөлім деп сенімді түрде айта аламыз. Жалпы Оралдағы өрт сөндіру қызметінің тарихы одан да ерте басталады. 1804 жылы шаһарда алғаш рет брадмейстер, яғни өртке қарсы күзет бастығы қызметі енгізілді.
Орал тарихында сұрапыл өрттер аз болмаған. 1751 жылы қала тұтас отқа оранды. Ал 1879 жылы шаһар үш рет жанды. Алғашқысында 819 үй өртенсе, екіншісінде 350 үй тып-типыл болған. Үшінші өрт көпес Рассохинның ауласынан шығып, қаланың жартысынан астамы күлге айналды.
Наталья Гуркина, Өрт сөндірушілер мұражайының меңгерушісі:
- Бұрынғы өрттер тұрғындардың күшімен өшірілетін еді. Оларға әскери бөлімдер көмекке келетін. Алайда олардың тәжірибесі болмағандықтан кәсіби өрт сөндіру қызметіне қажеттілік туындады. 1865 жылы Үлкен Михаил көшесінде өрт сөндіру бөлімі бой көтерді. 1905 жылы қалада ағаштан үй салуға тыйым салынды. Жылыту пештерін тек арнайы машықтанған мамандар қалауға рұқсат етілді.
Қазір көне ғимаратта №5 сөрт сөндіру бөлімі орналасқан. Мұнда 6 арнаулы техника мен 60 құтқарушы бар. Жауынгерлер өз міндетін мүлтіксіз орындап, мамандығына мақтанышпен қарайды.
Нұртілек Амангелдиев, №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:
- Бала кезгі арманым өрт сөндіруші болсам деген. Осы арманның жетегінде осы салада қызмет ету бұйырған. Адамдарға көмек көрсетіп, басына қиын жағдай түскенде ең алғашқы көмекке біздер баратын болғандықтан, сол қызметті жақсы атқарып шығуға тырысамыз. Осы кісілерге көмектескенімізге қатты қуанып, іштей қатты риза боламыз.
1865 жылы салынған Михаиловский өрт сөндіру бөлімшесінің ғимараты бүгінде XIX ғасырдың сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алынған.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #өрт сөндіру #нысан #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz