Алматылық суретші Балжан Жақсылық қылқалам мен бояуды қолданбай-ақ ерекше картиналар салады.
Оған желім, ағаш тақта және жіп болса жеткілікті. Ол бұл техниканы Мексикада тұратын үндістерден үйренген. Қазір туындыларын әлемнің әр түкпірінен кездестіруге болады. «Әр шығармада қазақи нақыштың болғанын қалаймын. Сыртта жүргендер туған жерді сағынғанда осы суретке қарап, сағынышын басады. Сондықтан тапсырыспен жасатып алып кетеді», - дейді суретші.
Суретші дегенде бізге сан түрлі бояу мен қылқалам елестейтіні анық. Бірақ Балжанда оның бірі де жоқ. Орнына жіптің сан алуан түсі бар. Ал кенептің орнына ағаш тақта қолданады. Алдымен суретті планшетке салып алады. Оны қажетті өлшемде принтерден шығарып алған соң үстінен басып шығады. Содан кейін оны жіппен толтырады.
Балжан Жақсылық, суретші:
- Мен бұл техниканы интернеттен көрдім. Қатты қызыққаным соншалықты тез үйреніп алдым. Оған дейін ерекше картина салуды ойлап жүргем. Соны дәл осылай шығарғым келді. Мұнымен Мексикада тұратын бір тайпа айналысады. Олардың кәсібі - осы сурет өнері. Ниерика техникасы деп аталады.
Балжан көбіне шығармасына отбасы құндылығын арқау етеді. Бақытты балалық шақ. Үйдегі қариялар. Бүкіл отбасының дастархан басында жиналып әңгіме-дүкен құрып отырған сәті адамға жылулық сыйлайды. Сондықтан болар оның картиналары Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие.
Балжан жақсылық, суретші:
- Мен алғашқы жұмысымда тостаған ұстаған ақ жаулықты ананы бейнеледім. Әлеуметтік желіге салып едім көп жақсы пікір естідім. Бір әйел хабарласып сатып алғысы келетінін айтты. «Австралияға кетіп барам. Бұл мен үшін ең қымбат дүние болады», - деді. Тырнақалды картинамды осылай саттым. Сөйтіп процесс басталып кетті.
Бір картинаны салуға 5 литрге дейін желім және кем дегенде мың метр жіп қажет. Бұл жұмыс шыдамдылықпен қатар, физикалық тұрғыдан төзімді болуды талап етеді. Өйткені жұмыс бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Арқаң мен белің шыдатпай ауыратын кездер де болады, - дейді суретші. Балжан жеке көрмесін өткізгісі келеді. Бірақ әзірге тапсырыстардан қолы босамай жүр. Ал көрмеге дайындалу үшін бір жыл бойы үйден шықпай сурет салуы керек.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #суретші #АлматыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz