RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында зиянкестерді улауға «АН-2» ұшағы тартылды

17.04.2025, 14:07 568

Түркістан облысында Марокко шегірткесінің дернәсілдерін улап жатыр.

Тоғыз ауданның аумағында зиянкестер шоғырланған. Мамандар биыл 400 мың гектарға жуық аумақты химиялық өңдеуден өткізеді.  Шегірткемен күрес жұмыстары қалай жүріп жатыр? Қанша техника жұмылдырылған? Дәрілеу жұмыстары қашан аяқталады?

Шегіртке дернәсілдері биыл Арыс қаласы аумағында ерте оянды. Қожатоғай ауылы маңындағы ошақтарда 3 сәуірден бастап жер бетіне шықты. Мамандар содан бері дәрілеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Рысдәулет Айтбаев, Арыс қаласы әкімінің орынбасары:

- Алғаш жер бетіне шығатын аппақ термидке ұқсаған түрі болады екен. 20 минут, жарты сағат, әрі кетсе 2 сағаттың көлемінде қара түске айналады. Бүріккіш аппаратымен жойылды. Себілген дәрілер нәтижесін беріп жатыр. Қазір ауа райы қолайлы болып тұр. Сондықтан тез арада қолға алып, жою жолдарын күшейтуіміз керек.

Зиянкестер Арыс қаласына қарасты 5 ауылдық округтің аумағында шоғырланған. Мамандар 131 мың гектар алқапты 28 сектарға бөлген. Әр секторда 10 анықтаушыдан бар. Еріктілер дернәсілдердің ошағын анықтауға көмектесуде.

Айдын Құрметов, ерікті:

- Біз осы қырды аралап, қай жерде шегіртке бар, сол жерге қызыл шүберек тағып, әрі қарай анықтап кете береміз. Біздің артымыздан дәрі шашатын кісілер дәрілейді. Кетіп бара жатқан кезде көрінеді, өзі үйір болып жатады. Дәу емес, майда балапандары жатады. Барлық күшімізді салып жатырмыз.

Арыс қаласы аумағында зиянкестермен күреске 117 техника мен 410 аспалы бүріккіш құралдар тартылған. Бүгінгі күні 40 мың гектар алқапқа дәрі себілді. Одан бөлек, жайылым иелері де шегіртке ошағын анықтауға қолұшын созуда.

Рақымжан Есалы, қожалық жетекшісі:

- Бұл жерде қой шаруашылығымен айналысамын. Біздің жайылымдық жеріміз 500 гектар. Шегірткені уақытында жоймасақ, малға жайылымдық жер қалмайды. Сол үшін жерімізді қорғап, еріктілерге көмектесіп жатырмыз.

Келес пен Сарыағаш аудандарында да зиянкес жәндіктің ошағын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келестегі 8 сектордың 5-інде шегіртке ошағы көптеп кездессе, 3-інде дернәсіл белсенділігі анықталмаған. Ал Сарыағаш ауданында дәрілеу жұмыстарымен 157 адам айналысуда.

Мамандар шегіртке зиянкестерінің дернәсіл сатысындағы ошақтарын осындай аспалы бүріккіш құралдар арқылы өңдеу өзінің тиімділігін көрсеткенін айтады. Ал дернәсілдердің ең көп шоғырланған, белсенді әрекет етуі мүмкін деп болжанған 55 мың гектар аумақ ұшақ арқылы әуеден залалсыздандырып, химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы биыл облыста марокко шегірткесіне қарсы өңдеу шаралары 372 мың гектар аумақта жүргізіледі. Қажетті су, жанармай таситын және дәрі шашатын 256 арнайы техника мен 900-ге жуық аспалы бүрку құралы қолдануылуда. Енді оларға 4 бірлік «АН-2» ұшағы көмекке келді.

Нұрбол Бекмұратов, Облыстық аумақтық инспекция басшысы:

- Бүгінгі таңда 250 мың гектар аумақта анықтау, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның 95 мың гектары химиялық өңдеуден өтті. Шыққан дернәсілдер қазір 2 жас кезеңіне өтіп отыр. 1 мамырда ересек кезеңіне өтеді, соған дейін біз толық дәріліп, аяқтауымыз керек.

«АН-2» ұшағының біреуі әуеге көтерілгенде 200 гектар жерді химиялық өңдеуден өткізеді. Мамандар әр ұшақ күніне 5-7 рет ұшатынын айтады. Сонда олар күн сайын 5 мың гектар аумақты залалсыздандырады. Жалпы барлық техникаларды қосқанда қазір өңірде күніне 15 мың гектар жер шегірткеге қарсы дәріленіп жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz