Қазақстанда қоқысты қайта өңдеу өндірісі кенжелеп тұр. Мәселен жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн қалдық жиналса, оның тек 26 пайызы қайта кәдеге асады. Оған қоқысты сұрыптау ісіне салғырттық танытатын тұрғындардың көптігі себеп көрінеді.
Бас қалада жыл сайын 400 мың тоннаға жуық қоқыс жиналады. Оның тек 17 пайызы қайта кәдеге асады. Ал қалған қажетсіз заттар қала сыртында тау болып үйіліп жатыр. Айтайық, Астанада 2 қоқыс полигоны бар. Ондағы тұрмыстық қалдық 6 млн тоннадан асқан. Жауаптылар түйткілдің түйінін тарқату үшін сұраптау ісіне серпіліс беріп, қайта өңдеу өндірісін ілгерлетпек. Ол үшін арнайы жәшіктер орнатылды.
Медет Жалпыбаев, Астана қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:
- Сары контейнерлер бұл құрғақ қалдықтарға арналған. Ол қайта өңдеуге болатын пластик бар, қағаз, шыны материалдар. Жасыл және темір контейнерлерге келетін болсақ, бұл қайта өңделмейтін заттар. Тамақ қалдықтары, дымқыл қалдықтар. Қызыл-сары контейнерлер - қауіпті қалдықтарға арналған контейнерлер.
Мұндай контейнерлердің саны - 18 мың. Айтайық, Астанада 4 мың сары, 12 мың жасыл, 609 қызыл-сары қоқыс жәшігі бар. Олар 5 мыңнан астам алаңдарға орналастырылған. Сөйте тұра қажетсіз затын көрінген жерге үйіп кететін қараша да бар. Мәселен былтыр мұндай 414 заңсыз қоқыс алаңы анықталып, жойылған.
Сары қоқыс жәшігі - 4 мың
Жасыл және темір қоқыс жәшігі -12 мың
Қызыл-сары қоқыс жәшігі - 609
Медет Жалпыбаев, Астана қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:
- Экологиялық заң бұзушылықтарды анықтау үшін 364 қосымша бейнебақылау камералары орналастырылатын болады. Астана қаласы ПД бірлесіп, ай көмек, 109 байланыс орталықтарымен бірлесіп, осындай қоқысқа қатысты заң бұзушылықтарды анықтап, тәртіптік щара қолданылуда.
Бас-баяғы биыл белгіленбеген жерге қоқыс тастаған 8 мың адам анықталып, 90 млн теңге айыппұл төледі. Дегенмен құзырлылар қолқусырып отырған жоқ. Таң сәріден кеш құрымға дейін үздіксіз қоқыс теріп жүр.
Ержан Пашанов, Тазалық мекемесі өндірістік-техникалық бөлімінің жетекшісі:
- Бір ауысымда 210 астам арнайы техника, 580 астам жол жұмысшылары жұмыс істейді. Жұмыс 24 сағат, үзіліссіз қызмет атқарамыз. 06:00-ден бастап қалада жол жиектерінде тұрған урналардың қоқыстарын жинайды. Сол қосқыстарды арнайы техникаға салып, қаланың сыртына орналасқан полигонға жеткіземіз. Одан 08:00-ден бастап жол жуу көліктері шығады.
Коммуналдық қызметкерлердің жұмысына да белсенді бұқара да жәрдемдесіп келеді. Мәселен Таза Қазақстан акциясына бір жылда 6 млн-нан астам адам қатысып, 1 млн тоннадан аса қоқыс жинаған. Сондай-ақ 1,5 млн түп тал отырғызған.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz