RU
Толық нұсқаға өту

Енді елде самокаттар тіркелуі мүмкін

18.04.2025, 08:25 456

Көлікпен жүрсең кептеліс, жаяу жүрсең алыс.

Жер аяғы кеңігелі жұрттың біразы қос аяқты көлікке көшті. Бірақ жүргінші жолымен жүріп, жылдамдық сақтамайтын самокат жүргізушілері қала тұрғындары үшін қолайсыздық тудырып отыр. 

«Ат жаманы жолда қалдырады» деуші еді атам қазақ. Бүгінде керісінше жетер жерімізге жетіп алып, астымыздағы қос аяқты көлігімізді қалай болса солай қойып кетіп жүрміз. Бұның салдары жаяу жүргіншіге де, көлік тізгіндеген жүргізушіге де зияның тигізіп жатыр. Былтыр елде электрлі самокат жүргізушілерінің кесірінен 90 жол көлік апаты тіркелді. Оның 10-ы бас қалаға тиесілі. Ал биыл алғашқы үш айда мұндай оқиға болмаған. Тек тәртіп бұзған 1 400-ге тарта самокат жүргізушісі жауапқа тартылды.

Нұрлан Таранов, Патрульдік полиция полкінің аға қызмет инспекторы:

- Енді елордада самокат тізгіндегендер тәртіппен жүреді. Олай дейтініміз Нұра ауданы алғаш болып қос аяқты көліктерге арналған арнайы тұрақтар ашып жатыр. Ол үшін халық жиі баратын 10 орын таңдалып алынған. Жүргізушілер енді самокатты көрінген жерге емес, арнаулы орындарға қалдыруға тиіс.

Айжан Ақай, Астана қаласы Нұра ауданы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы:

- Ендігі бір мәселе елде самокаттар мен велосипедтерге мемлекеттік нөмір тағу ұсынысы талқыланып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары мәлім етті.

Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Әділет министрлігі жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының алаңында бірқатар қосымша түзетулерді дайындап жатырмыз. Оның ішінде шетелдік тәжірибені енгізу туралы ұсыныс та бар. Біз Швейцария тәжірибесін зерттедік. Ол жақта тек самокаттарға ғана емес, велосипедтерге де мемлекеттік нөмірлер беріледі. Сондықтан бұл норма мен ұсыныс өте өзекті деп есептеледі. Қазір біз бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз.

Иә, елордада халық саны көбейіп келеді. Қазір шаһарда 1,5 млн-нан аса тұрғын бар. Яғни қалада көлік саны да күннен күнге арту үстінде. Оның салдары кептеліске әкеліп соғады. Діттеген жерге жылдам жету үшін жұрт қос аяқты көлікке жүгінеді. Ал қос аяқты көлік кейде қала тұрғындарына қолайсыздық тудырады. Енді елордада арнайы тұрақтар көбейіп, Еуропадағыдай самокаттар тіркеуге алынса жаяу жүргіншінің де, көлік жүргізушінің де көңілі әлдеқайда тыныш болуға тиіс. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz