Ақмола облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 10 медицина нысанының құрылысы жүріп жатыр.
Амбулаториялық-емхананың барлығы шалғай ауылдарда салынады. Құрылысқа 1,7 млрд теңге жұмсалады. Былтыр өңірде 28 емдеу мекемесі пайдалануға берілді.
Айдабол ауылындағы медициналық нысан былтыр қолданысқа берілді. Бұған дейін ауыл дәрігерлері тұрғындарды ескі ғимаратта қабылдады. Маман тапшылығы да болды. Қазір бұл мәселелер толығымен шешілді. Медициналық нысан ғимараты шағын болғанымен емделушілер үшін барлық жағдай жасалған.
Райгүл Жүсіпова, Айдабол ауылының тұрғын:
- Бізде жылдар бойы негізі дәрігер маманы болмаған. Қазіргі жаңа ғимарат салғаннан бері жаңа дәрігер келіп жатыр. Комфорт деп жатыр. Бүкіл анализдерді бәрін осы жерде береміз. Бұл бүкіл тұрғындарға ыңғайлы.
Медициналық мекеме ұжымы Айдабол ауылының тұрғындарынан бөлек, тағы 5 ауылдың халқына қызмет көрсетеді.
Татьяна Шлягер, Дәрігерлік амбулаторияның жетекшісі:
- Қазір біздің басты артықшылығымыз жаңа нысанда бірнеше жаңа емдеу кабинеттері ашылды. Оның бірі емдік дене шынықтыру кабинеті. Онда инсультқа шалдыққан науқастарға операциядан кейін оңалту шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ күндігі уақытта ем алуға арнайы 5 орын жабдықталды.
Қазір аймақта 10 нысан салынып жатыр. Көбінің құрылысы аяқталуға жақын. Жауаптылар жылдың соңына дейін барлық емдеу мекемесін халық игіліге тапсыруды жоспарлап отыр.
Нияз Байғожин, Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір барлық нысандағы құрылыс жұмыстары 70-80 пайызға орындалды. Көбінде ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, жаңа техникаларды да орнатамыз. Бұл жұмыстың барлығын жыл соңына дейін аяқтаймыз.
Ауылдардан бөлек, аудан орталығындағы бірнеше емхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Мысалға Біржан сал ауданының ауруханасы қазір апатты жағдайда. Мұнда 200 орынға шақталған жаңа емхана салынып жатыр. Нысан шілде айында пайдалануға беріледі.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #дәрігер #маман #нысан #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz