Кітап оқуға деген қызығушылықты қалай жандандыруға болады?
Ұлттық кітап күні қарсаңында цифрлық дәуірде оқу әдетін қалыптастыру жайы талқыланды. Бүгінде заманауи кітапханалар, фестивальдар мен кітап марафондарына қарамастан тұрақты оқырмандар саны әлі де аз. Толассыз ақпарат ағыны пен әлеуметтік желінің ықпалы оқу әдетін екінші орынға ығыстырды. Сонымен, кітап оқуды қалай және неден бастаған дұрыс?
Әлеуметтік желілердегі жаңалықтар, телефондағы түрлі хабарламалар адамның көңілін аулап, кітап оқу әдетін біртіндеп ығыстырды. Цифрландыру дәуірінде тіпті ең кітапқұмар жанның өзі оқудан жалығатыны жасырын емес. «Кітап оқымау синдромы» бірнеше жылға созылуы мүмкін. Осындай жағдайды жақсы білетін Астанадағы кітап клубының мүшелері оқуға қайта оралуға не көмектесетінін жақсы біледі.
Виолетта Ким, Кітап клубының ұйымдастырушысы:
- Кейде менде екі апта бойы қолыма кітап алмаймын, бірақ кейін қайтадан өз әдебіме ораламын. Негізі кітап оқымау да қалыпты жағдай. Дегенмен оқуды ұнатсаңыз, бұл жолда ең маңыздысы - тұрақтылық. Процесске толық беріліп, алаңдамай оқысаңыз бұл әдет тиімді әрі нәтижелі болады.
Дархан Жұмағазин, Астана қаласының тұрғыны:
- Бастапқыда кітап қызықсыз болуы мүмкін, ондайда алдымен тәртіп маңызды. Өзіңізді күніне кемінде 10-15 бет оқуға дағдыландыру керек. Ал кейін бұл әдетке айналады.
Күнделікті күйбең тіршілікте мұндай клубтар қарайып қалмауға көмектеседі. Бұл жерге кітап оқып, пікір алмасып, шығармадан алған әсермен бөлісу үшін келеді. Ортаға кез келген адам қосыла алады. Кіру тегін. Ең бастысы бұл - шабыт сыйлайтын және оқуға деген қызығушылықты арттыратын орта.
Дархан Жұмағазин, Астана қаласының тұрғыны:
- Мен кітап клубының кездесулеріне қатысып жүрген соң жиі кітап оқи бастағанымды байқадым. Себебі кездесулерде кітаптың мазмұны талқыланады. Ал егер шығарманы оқымай барсаң, өзіңді ыңғайсыз сезінесің. Сондықтан өзімді тәртіпке салып, кітап оқуға мәжбүрлеймін. Осылайша пайдалы әдет қалыптастырамын.
Виолетта Ким, Кітап клубының ұйымдастырушысы:
- Біз үшін кітап құмар жанның жасы да, жынысы да, кәсібі де маңызды емес. Біздің клубта 18 жастан бастап, 50 жастан асқан адамдар бар. Біз әр ай сайын жиналып, кітаптарды талқылаймыз және келесі айда қандай кітап оқитынымызды бірге таңдаймыз.
Эдуард Яшковта кітап оқу әдеті бала кезден бойына сіңген. Анасының ертегілері оның әдебиетке деген сүйіспеншілігін оятты. Эдуард үшін кітап оқу жай ғана хобби емес - бұл өмір салты.
Эдуард Яшков, Астана қаласының тұрғыны:
- Ата-ананың бала кезден кітап оқу мәдениетін қалыптастыруы өте маңызды. Егер саған кішкентай кезіңнен бастап күнделікті кітап оқып берсе, оны көріп өскен адам, уақыт өте келе өзі де қызығып, оқи бастайды. Оқуды өзіңе ұнайтын, атауы немесе қысқаша сипаттамасы қызықтыратын кітаптан бастау керек.
Жас оқырманды қызықтыру үшін сөз ғана емес, көрнекі бейне де маңызды, дейді балалар жазушысы және иллюстратор Айсұлу Алмасбаева.
Айсұлу Алмасбаева, иллюстратор, балалар жазушысы:
- Біз әлеуметтік желілерге тым тәуелді болып кеттік. Қазір Instagram не Facebook-тағы посттардан ұзақ мәтінді, артық нәрсені оқуға қиналамыз. Бұл мидың деградациясына әкеледі. Балаларды оқуға қызықтыру үшін біз сапалы контент пен жақсы иллюстрацияларға мән беруіміз керек. Шетелде кітап тек оқу үшін емес, ойын түрінде де ұсынылады. Яғни интерактив қосылған: QR, VR технологиялары арқылы бала виртуалды әлемде көре алады, музыка тыңдайды. Бұл Қазақстанға да біртіндеп еніп жатыр.
Цифрлық технология дәуірінде кітап оқу әдетін сақтаудың өзі сынақтан өтумен тең. Бірақ бір байқағанымыз дұрыс орта құрса, кітапқа деген қызығушылықты қайтаруға болады. Пікірлес жандардың қолдауы және әдебиетке деген шынайы махаббат өз нәтижесін береді. Демек кітаптар өміріміздің маңызды бөлігі болып қала береді.
Тегтер #хабар24 #кітап #мәдениет #жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz