RU
Толық нұсқаға өту

Қарағандылық диқандар 1 млн гектардан астам жерге дән себуді жоспарлап отыр

18.04.2025, 21:28 689

Қарағанды облысында биыл 1 миллион 193 мың гектар жерге дәнді дақылдар егіледі, деп хабарлайды 24kz.

Бұл былтырғы жылғыдан 105 мың гектарға артық. Шаруалар майлы дақылдар мен мал азығын өсіретін алқаптарды ұлғайтуды жоспарлап отыр. Өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты мәселелер Бұқар жырау ауданында өткен агрокеңесте талқыланды.

Былтыр өңір диқандары 1 миллион тоннадан астам астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Биыл майлы дақыл алқабы 12 мың гектарға, мал азығы дайындалатын жерлер 40 мың гектарға ұлғайтылған. Мал өсіру, өнімді өңдеу, ауыл шаруашылғына жаңа технологияларды енгізу бойынша да оң өзгерістер бар.

«Мемлекеттік қолдау күшейтіліп, қаржы тұрақты бөлінуінің арқасында сала қарқынды дамып келеді», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Қаржыландыру мәселесі биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында 700 миллиард теңгеге шейін көбейді. 2022 жылы 70 миллиард болса, он есеге көебйді. Мұндай жағдай болмаған. Ал енді сұрақ туады біреуде кепіл бар, біреуде жоқ деген. Соған Үкімет 85% кепіл береді. 100 млн несие алса, соның 85%-і Үкімет гарантия береді, 15%-ін шаруашылық өзі табуы керек. Сонда 100 млн кредит алып жұмысын жасай береді.

Агрокеңесте фермерлерге шығынды азайту үшін берілетін көмек қаржылар туралы кеңінен айтылды. Тұқым, тыңайтқыш, жаңа техниканы, асыл тұқымды малды сатып алуға түрлі қолдаулар бар. Бұл ретте қаржы ұйымдарынан келген мамандар шаруаларға тегін кеңес берді.

Бекболат Сағындық, фермер:

- Агрокеңес, әрине, бұл өте тиімді зат. Себебі облыстың шаруаларының көбі мәлімет ала алмайды. Себебі еліміз өте кең болғандықтан, көп жерлерге ақпарат жетпей қалады. Инструменттер көп, егер шаруалар өздері дұрыс қолдана білсе.

Өңірде тұқым себу науқаны мамыр айының 10-да басталады. Сала министрі ауа райын, агротехнологиялық талаптарды ескере отырып жұмысты жүйелі жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ, Айдарбек Сапаров өңір фермерлерін мал шаруашылығын дамытуға шақырды. Бұл ауыл халқының әл-ауқатын артыруға оң серпін беретіні атап өтті.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz