Репрессия жылдары Қазақстанға жер аударылған әзербайжандық отбасының ұрпағы Ақтауда тұрады. Ильгар Касимовтың арғы атасын Қарағандыға мәжбүрлеп көшірген. Олар қиын-қыстау кезеңде қамқорлық көрсеткен қазақтардың жақсылығын ұмытпақ емес. Ильгар басқаратын қауымдастық Маңғыстауда өткен қайырымдылық шараларға үнемі атсалысады.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Ильгар Касимовтың әжесі Әзербайжанның Нахшыван ауданында тұрған. 9 жасар қыздың ата-анасы ауқатты болған. Көп ұзамай олардың мал-мүлкі тәркіленіп, өзімен тағдырлас жүздеген отбасымен бірге Қазақстанға жер аударылады. Туған жерден алыс мекенге жүк пойызымен аттанғандардың көбі жолда көз жұмған.
Ильгар Касимов, «Маңғыстау облысының әзербайжандар қауымдастығы» ҚБ төрағасы:
- Әжемнің сөзінше, көп адам сонда қырылып кеткен. Кейбір адамдар қалып кеткен Қарағандыда. Бірақ көбін Қарабалтыға жіберген. Ол Қырғызстан, Фрунзе қазір Бішкек екен. Оның әкесі Аллахберди деген біраз жұмыс жасаған қызылша зауытында шекер шығарумен айналысқан. Содан кейін жергілікті адамдармен келісіп Өзбекстан арқылы қайтадан кетіп қалған Әзербайжанға.
Әзербайжанға қайтып оралған отбасы көпке ұзамай тұтқындалып, Өзбекстандағы Бахт ауданына жіберіледі. Сол жақта тұрмыс құрып, бала-немере баққан кейуана өмірінің соңына дейін қазақтардың жақсылығын жақындарына айтып отырған.
Қарт анасының ақылын тыңдап өскен Ильгар ер жете қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Қазір ол өңірлік Ассамблея жанынан құрылған қауымдастықты басқарады.
Амангүл Жайылханова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:
- Аз қамтылған отбасылар бар, инклюзивті балаларымыз бар. Солардың барлығына қол ұшын беріп тұрады. Отбасы үлгісіндегі облыстық балалар ауылындағы 20-дан астам баланы өзінің қамқорлығына алған. Мереке сайын осы балаларға әртүрлі шаралар ұйымдастырып, оларды ресторандарға апарып, қаланы қыдыртып, экскурсиялар жасатып, сондай мәселелермен айналысады.
Ақтау тұрғыны Ильгар Касимов ана тілінен бөлек қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілінде еркін сөйлейді. Бес перзент сүйіп отырған бақытты әке жұбайымен бірге қайырымдылық шаралардан қалыс қалмай, балаларын ізгілікке шақырып отыруы көпке үлгі.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #Ақтау #қайырымдылық шара #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz