Батыс Қазақстан облысының Перемётный ауылында балаларға домбырадан сабақ беретін ұлты орыс ұстаз тұрады, деп хабарлайды 24kz.
Ауылдастары оған құрметпен қарайды. Себебі ол қазақтың күй өнерін насихаттап, салт-дәстүрін дәріптеп жүр.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Полина Ищенко домбыраны 9 жасында қолға алған. Ең алғаш анасы Переметный ауылындағы саз мектебіне әкелген күні қазақтың ұлттық аспабын таңдаған. Содан бері домбыра – жан серігі. Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжін бітірген, Батыс Қазақстан университетінде де дәулескер домбырашылардан тәлім алып, шеберлігін шыңдады.
Полина Ищенко, домбырашы-ұстаз:
- Маған Дәулеткерейдің «Құдаша» күйі мен Сүгірдің «Шалқымасы» өте ұнайды. Мінезім жай кісімін ғой. Табиғатыма жақын болғасын ба, осы екі күйді орындағанда бәрін ұмытып, өзге әлемге еніп кетем. Бала кезімде мен домбыра аспабын таңдағанда анам құптады да, әкем «оныңнан бірдеңе шыға қояр ма екен», - дегендей күмәнмен қарады. Бірақ оқуымды әрі қарай жалғастырып, Құрманғазы колледжіне түсем дегенде, ең бастысы, өзіңе ұнағаны деп, жан-жақты қолдау көрсетті.
23 жастағы ұстаз аудандық саз мектебінде төрт жыл бойы еңбек етіп келеді. Құрманғазы мен Сүгір, Дина мен Дәулеткерей, Сейтек пен Махамбеттің күйлерін үйретеді. Домбыраны дәріптеп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрі, мәдениетін де насихаттап жүреді.
Бек Шайхолла, оқушы:
- Маған деген ең ұнайтын күй «Көроғлы» Дәулеткерей Шығайұлының. Темпі, мажоры қатты ұнайды. Сол «Көроғлы» күйін тартқанда рухтанып кетем. Қатты күш келеді.
Арай Мәруанова, Перемётный ауылының тұрғыны:
- Ұлты орыс болса да, қазақтың домбырасын үйретіп жүр. Әрбір ақын-жазушыларды оқытады. Тек қана күй емес. Үйге тапсырма береді, мына күйді білу үшін кітапханаға барып біліп келіңіз. «Балбырауын» ба, барып қалай шыққан тарихын біліп келіңіз деп. Ол да баланы тәрбиелеуге қосқан үлесі деп ойлаймын. Негізі біздің аудан көп ұлт өкілінен тұрады.
Кішкентай кезінен қазақ өнерінен сусындаған жас ұстазды ұжымдастары да құрмет тұтады. Мектеп директоры Ләззат Қажығалиева Полинаның ата-анасын баяғыдан жақсы білетінін айтады.
Ләззат Қажығалиева, Бәйтерек аудандық саз мектебінің директоры:
- Анасының көмегі көп болды. Үнемі сабаққа жетелеп алып келді, сол бітіргенше қасында жүріп оқытты. Сосын Полинаны босанғанда анасынан сүт шықпай қалған ғой. Сосын бір қазақ келіншегі емізген екен үш-төрт күн. Содан да мүмкін сүттен де берілген болар деп ойлаймыз. Мамасы өзі айтты, сондай бір, қызық-қызық оқиғалары және тұрмысқа шыққанда да қазақ жігітіне тұрмысқа шықты.
Қазір Полина домбыра сыныбында 15 шәкіртке дәріс беріп отыр. Бәйтерек аудандық балалар саз мектебінде 15 бағыт бойынша 176 бала тәлім алады.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақырап
Тегтер #Батыс Қазақстан облысы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz