Астанада Пасха мерекесіне орай түрлі ұлт пен ұлыстың ұл-қызы шеберлік сыныбына қатысты. Достық үйінде өткен думанды шарада балалар жұмыртқаларды бояудың қыр-сырын үйреніп, тәтті бәліштерді дайындаудың жолдарын көрді. Бірлік пен берекені дәріптеген басқосуда қатысушылар бір-біріне ізгі тілектерін арнап, жылы лебіздерін білдірді.
Түрлі ұлт пен ұлысты ұйыстырған ҚХА құрылғанына биыл 30 жыл. Тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйым әр мерекеде өзінің маңыздылығын көрсетіп келеді. Бүгінгі Пасха мейрамы – сол игі дәстүрдің жалғасы. Шеберлік сыныбы – шара ғана емес, достықты дәріптеген думан.
Камета Ибраева, достық үйі басшысының орынбасары:
- Бұл мерекені біз балаларға арнап ұйымдастырдық. Мұнда ерекше қажеттілігі бар балақайлар келді. Оларға арнап дастарқан әзірледік, тәтті бәліштер дайындадық және сол тағамдарды бірге жасадық. Біздің шеберлер жұмыртқаларды бояуды үйретті. Солармен бірге жасап шықты. Пасха көктемнің мерекесі ғана емес. Бір шаңырақ астындағы ұлт пен ұлысты ұйыстырған күн.
Балалар шеберлік сабағына қызығушылықпен атсалысты. Мұнан соң оларға ҚХА жанындағы аналар кеңесінің мүшелері Пасха мерекесі жайында ақпарат берді. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді түсіндіріп өтті.
Күләш Молдахметова, ҚХА жанындағы аналар кеңесінің мүшесі:
- Біздің Қазақстанда көп ұлт тұратындықтан, біз әр ұлттың өздерінің ұлттық мерекесін біз жылда атап өтеміз. Барлық ұлттың мерекесін. Осындай шараларда біз бірге жүреміз. Халықтың бірлігін, достығын нығайтуға өзіміздің үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.
Пасха мерекесіне арналған шара достық үйінде өтті. Ұйымдастырушылар дәл осындай шеберлік сыныптарын алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыстың бірлігін, достығын дәріптеу.
Тегтер #Астана #Пасха мерекесі #24KZ #ҚХА 30Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz