RU
Толық нұсқаға өту

Ерлерге қарағанда әйелдер ұзақ өмір сүреді

21.04.2025, 07:42 569

Халықтың өмір жасы ұзарып келеді.Бір қызығы ер адамдарға қарағанда әйелдер ұзақ өмір сүреді екен.

Бұл жайлы ұлттық статистика бюросы хабарлады. Иә, 60-ты алқымдап, 70-тің желкенін көрген қариялардың қатары артып келеді. Көбінің қуаты қайтпаған, қимылы шалт. Айтайық, елде 63 жастан асқан 2,5 млн адам бар. Елде орташа өмір сүру жасы ұлғайды. Қазақстандықтар шамамен 75,44 жыл ғұмыр кешеді. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш  жарты жылға аз еді.  Әсіресе ауылдағы ағайынға қарағанда қалалық қариялар көп жасайтын көрінеді. Ал әйелдер ерлерден ұзақ өмір сүреді .

Өмір сүру ұзақтығы - 75,44 жас

Қала тұрғындары - 76,14 жас

Ауыл тұрғындары - 74,26 жас

Ерлер  - 71,33 жас

Әйелдер - 79,42 жас

Ерлан Көпес, Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:

- Қалалық жерлерде 76,14 жас, ал ауылдық жерлерде 74,26 жасты қарап тұр. Ал гендерлік тұрғыдан алғанда әйелдерде 2024 жылы өмір сүру ұзақтығы 79,42 жас болса, оның ішінде 2023 жылы 79,04 жас болған, ал ерлер арасында 71,33 жасты құрады, оның ішінде 23 жылы 79,99 жасты құраған болатын. Жалпы туған кездегі күтетін ең жоғары өмір сүру ұзақтығы өңірлер көрінісіндегі ең жоғарғы көрсеткіш Алматы қаласында тіркелген 78:78 жас.

Астанада 60 жастағы әже бариста болып қызмет етеді

Сондай-ақ сарапшылар белсенді қарттардың қатары көбейіп келе жатқанын айтады. Солардың бірі - Жұпаркүл Әбуова. Саналы ғұмырын өндіріс саласына сарп еткен жан «бейнеттің зейнетін көрер шақта да еңбектен қол үзіп кете алмадым», - дейді. Үйінің қасынан дәмхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Алпыстағы апайға даяшы да, бариста да керек болмапты. Бәрін өзі істейді. Әрі әлеуметтік желінің де тілін меңгерген. «Егде жастағы мұндай белсенділіктің сыры еңбекте», - дейді өзі.

Жұпаркүл Әбуова, зейнеткер:

- Өзім кофені де үйрендім. Қалай құю керектігін үйрендім. Копучино, латте бәрін, өзімнен өзім, ешқайда бармадым, тек қана онлайн көремін. Баристалардың жұмыстарын көремін, солай жүріп үйрендім. Міне қазір өзім зейнетке шықтым. 61 жастамын. Үйде отыра берсең адам ауру бола береді. Үйде отырған адам телефонда отырады, телефон адамның миын шаршатады.

76 жастағы қария бүлдіршіндерге би үйретіп жүр

Ал 70-тің алтауын көрген қосшылық қария Ерсін Жүсіпов бимен белсенді шұғылданады. Шәкірт баулып, түрлі өнер жарыстарында топ жарып жүр. Оның бұл әрекетін көргендер әлеуметтік желіде жариялап, қарттың шалт қимылына таңқалған еді. Ал өзі бұл белсенділігінің сыры  өнерге деген інкәрлік дейді.

Ерсін Жүсіпов, зейнеткер, хореограф:

- Менің қатарластарымның бәрі қолына таяғын ұстап әрең жүр. Ал мен осы, өмір бойы би десе бәрін ұмытамын. Ауруым да кетіп қалады. 7-10 жасар балаларға би қойдым. Содан 3-4 айдың ішінде дайындап алдық та, конкурсқа бардық. Кокурсқа барған кезде балалар сахнада тұрған кезде түсіріп алды. Оны мен білмеймін. Содан оны интернетке салып жіберген. 4-5 күннен кейін маған бүкіл жұрт хабарласады.

Ерлерге қарағанда әйелдер ұзақ өмір сүреді

Қос кейіпкеріміз де қарттықты еңбек, белсенділік жеңді дейді. Егде жастағы жандар уақытын босқа сарп етпей, өнегелі өмір сүріп келеді. Ұзақ ғұмырдың да сыры осында. 

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы


Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz