Қаратау қаласындағы ондаған жыл бойы қараусыз қалған көпқабатты үйлерге қайта жан бітті.
Соңғы 30 жыл ішінде бос тұрған баспаналар биыл толық жөндеуден өтіп, кезекте тұрған тұрғындарға табысталды. Қайта жаңғыртылған үйлерге қоныстанған тұрғындар бүгін қоныс тойын тойлап жатыр. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл бастама қала келбетіне көрік беріп қана қоймай, тұрғын үй кезегін азайтуға да үлкен серпін бермек.
1990 жылдары Қаратау қаласында 202 көпқабатты тұрғын үй бар еді. Алайда жұмыс іздеген халық басқа өңірлерге көшіп, олардың жартысына жуығы бос қалған. Кейін жергілікті билік бос тұрған баспаналарды тексеріп, олардың 40-қа жуығын апатты деп танып, сүріп тастаған. Қалған 30-дан астам жарамды үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта жаңғыртылды. Бүгінде бұл пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріліп жатыр. Солардың бірі - Егеубаевтар отбасы. Олар 9 жыл бойы кезекте тұрған. Жақында ғана бұл отбасыға 5 бөлмелі кең пәтер берілді.
Зухия Егеубаева, тұрғын:
- Қанша жылдан бері тұрып келе жатырмыз осы Қаратауда. Бұның бәрі қаңырап қалған еді. Қазір көркейіп жатыр, жөнделіп, халыққа беріліп жатыр. Көпбалалыларға кезекпен беріліп жатыр. Бос тұрғаннан көрі, рақмет.
Биыл Қаратауда бос тұрған бірде-бір үй қалмады. Қалада қараусыз тұрған соңғы 3 баспанаға сейсмикалық күшейту және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазір оларды пайдалануға беру кезеңі жүріп жатыр. Жоспар бойынша бірнеше ай ішінде бұл үйлер ел игілігіне тапсырылады. Аталған бастама Қаратаудағы тұрғын үй кезегін аз да болса жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.
Досым Нұрмахан, Аудандық тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының м.а:
- Былтырдың өзінде 5 көпқабатты үй берілді. Жалпы 372 пәтер бойынша кезекте тұрған осал тобымыз бар, көпбалалы бар сондай санаттағы үй таратылып, биылдың өзіне енді 3 үй беру жоспарда тұр.
Қаратау қаласында 1200-ден аса отбасы баспана кезегінде тұр. Олардың арасында көпбалалы аналар, әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтар мен мүгедектігі бар жандар бар. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бұл мәселені шешу үшін алдағы жылдары бірнеше жаңа тұрғын үй салу жоспарланып отыр.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #көпбалалы отбасы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz