RU
Толық нұсқаға өту

«Отбасы банк» салымшыларына ₸1,5 млн тұрғын үй сертификаты беріледі

21.04.2025, 22:00 1098

«Отбасы банк» Qazaq Strоy және Exclusive Qurylys компанияларымен меморандумға қол қойды. Бұл ауқымды жоба баспананы қолжетімді етуге арналған. Құрылыс компаниялары «Отбасы банкінің» салымшыларына 1,5 млн теңгенің сертификатын береді. Оны елдің кез келген азаматы алуына болады. Қаражат алғашқы жарна ретінде қолданылады. Әзірге мұндай 1000 сертификат ұсынып отыр. Басты шарт пәтерді осы екі компаниядан таңдауыңыз керек. Оған қоса «Отбасы банкте» депозит болуы тиіс.

«Отбасы банк» алғашқы жарнасы жетпей жатқан тұрғындарды қолдаудың тағы бір тетігін тапты. Бұл бастаманы Qazaq Stroy және Exclusive Qurylys компаниялары қолдап, «Отбасы банк» салымшыларына 1,5 миллион теңгенің тұрғын үй сертификаттарын беретін болды. Оны қаржы құрылымының кез келген ипотекалық бағдарламасына пайдаланады. Әсіресе бұл «Наурыз» бен «Наурыз-жұмыскер» бағдарламасына қатысып, банк мақұлдауын алғандар үшін өте тиімді. Таңдалған пәтер ауданы кемінде 50 шаршы метр болуы тиіс.

Данагүл Түсіпова, «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры:

- Алматы қаласы бойынша есептейтін болсақ, «Наурыз» бағдарламасында несие сомасы 36 млн теңгені құрайды. Біздің клиентіміз бірінші нарықтан таза әрленген пәтерді таңдаған уақытта алғашқы жарнаның мөлшерлемесі 10%, яғни 3 млн 600 мың теңгені құрайды. Депозитте жатқан 2 млн теңге және құрылыс компаниясы беріп отырған 1,5 млн теңге тұрғын үй сертификаты және 100 мың теңге біздің клиентіміз үстіне қосса, жеткілікті болады.

Жыл соңына дейін Qazaq Stroy мен Exclusive Qurylys 10 мыңға жуық пәтер тапсыруды жоспарлап отыр. Қазір соның 2 мыңы дайын.

Аида Айдарханова, Exclusive Qurylys компаниясының коммерциялық директоры:

- Qazaq Stroy мен  Exclusive Qurylys компаниясының әрқайсысы 10 тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтады. Баспана санатына қарай әртүрлі. Соның ішінен әркім өзіне қажетін табады деп сенеміз. Ал біз ұсынып отырған тұрғын үй сертификаты алғашқы жарнаны толтыруға айтарлықтай көмек болады деп ойлаймын.   

Сертификатқа ие болу үшін «Отбасы банкінен» несие рәсімдеуге келісім керек. Одан кейін пәтер таңдап, сертификатты алуға өтініш білдіреді. Компания бұл соманы клиенттің «Отбасы банкіндегі» жинақ шотына аударады. Сертификат алған күннен бастап 6 айға жарамды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz