RU
Толық нұсқаға өту

Ұлытауда орыс қызы отар қой бағады

22.04.2025, 09:00 536

Жаңаарқалық Наталья Агеева аттың құлағында ойнайды. Қазақ отбасына келін боп түскелі бір отар қойды бір өзі бағады. 

Қойлы ауылда мал төлдеп, абыр-сабыр. Жастайынан малсақ Наталья үшін қарбалас кезең басталды. Себебі әрбір төл – ертеңгі күннің берекесі. Сондықтан сақман басталғалы түн ұйқысын төрт бөліп, бел шешпей еңбек етіп жүр. Қой-ешкіні жамыратып, жаңа туған қозы-лаққа белгі салу оның күнделікті тірлігі.

Наталья Агеева, Түгіскен ауылының тұрғыны:

- Бейнеттің рахатын көріп жатырмыз. Бейнетсіз рахат болмайды. Оңай нәрсе келмеді.Сақпан біткен соң жайлауға көшеміз. Жайлаудан кейін қой қырқымы бар. Қолмен қырқамыз өзіміз. Жылқымыз бар. Сиырымыз бар. Сиыр бұзаулап жатыр, қой қоздап жатыр, жылқы құлындап жатыр. Жаман емес.

Наталья Агееваның арғы тегі Тәжікстанда тұрған. Әкесі арқа төсіне өткен ғасырдың орта шенінде жұмыс бабымен келіпті. Түгіскен ауылында тұрақтап, осында шаңырақ көтерді. Көзін ашқаннан қазақы ортаның тәрбиесін көрген Наталья да туған ауылдан тамырын үзбеді. Қазақ отбасының келіні атанды.

Наталья Агеева, Түгіскен ауылының тұрғыны:

- 2006 жылы шаңырақ көтердік. 2009 жылы мал бағамыз деп келдік. Жаман емес, бұйырғанын көріп жатырмыз. Бала-шағаның қамы. Білмеймін, өзіме қиын емес. Өзім малды жақсы көретін болған соң ба, маған жеңіл.

Натальяны ауылдастары «Несібелді» деп атап кеткен. Қойлы ауылда тұрса да үйінен қонақ үзілмейтін келіншек қазақы салт-дәстүрді берік ұстанады. Жары Марғұлан Мұхамеджановтың ата кәсіпке бет бұруына да өзі себепші болған.

Марғұлан Мұхамеджанов, Түгіскен ауылының тұрғыны:

- Мен қораға кіре қоймаймын. Сыртта сиырды, жылқыны қараймын. Жас малды онша біле бермеймін. Өзі аранға кіреді, өзі табыстырады, өзі шығады. Қойды қырқады. Өтірік айтпаймын, қызым мен келіншегім екеуі отарды қырқады. Шынын айтам, жығып беріп отырамын.

Шаруаның шырайын келтіріп отырған келіншек бала тәрбиесіне де ерекше маңыз береді. Наталья мен Марғұланның тұңғышы өндірісте еңбек етеді. Өзгелері «болашақта анамыздың жолын қуамыз», - дейді. Кішкентайынан ат құлағында ойнап өскен олар қазірден шаруаның ыңғайын біліп тұр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz