Оқ тиіп жарақат алған Руслан Берденов есін жиды. Оған шұғыл операция жасалды.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір өміріне қауіп жоқ.
40 жастағы Руслан Берденовті дәл осы әкімдік ғимаратының алдында атқан. Күдікті кешкі сағат сегіз жарым шамасында шолақ мылтықпен оқ жаудырған. Әкім орынбасарының көлік жүргізушісі мылтық атқан адамды автокөлікпен қағып, тоқтатқан.
Күдікті оқиға орнында ұсталып, қамауға алынды. Полицейлер қылмыстық іс қозғап, тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Ал зардап шеккен Руслан Берденов жедел ауруханаға жеткізіліп, оған 4 сағатқа созылған операция жасалды.
Бақытжан Абдуллаев, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалды. Ота барысында қан тоқтатылып, алған жарақатынан келген зақымдар қалпына келтірілді. Қазіргі таңда өміріне ешқандай қауіп жоқ.
Сонымен Руслан Берденов деген кім және ол әкімдікте қай салаға жауапты болды. Бұған дейін парламент мәжілісінің депутаты болған Руслан Берденов биыл ақпанда қала әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол құрылыс, орта сапасы және бақылау, сәулет, жер қатынастары мен жайлы ортаны дамыту басқармаларына жетекшілік етеді. Қызметке кіріскен 2 ай ішінде құрылыс компанияларының басшыларымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдап үлгерген. Қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдаған. Жиналыстарда жемқорлық мәселесін жиі көтерген. Өзі құрған мейрамханалар желісінен түсетін табыстың арқасында, мемлекеттік қызметті тегін істеуге дайын екенін де айтқан еді.
Қазір әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде оқиғаға қатысты түрлі болжамдар тарап жатыр. Оның қызметтегі ұстанымына қарсы адамдардың шабуыл ұйымдастыруы мүмкін екені де жарыса жазылды. Сондай-ақ әкімдікте жұмыс істеген қызметкермен болған өзара кикілжіңді себеп қылғандар да табылды. Бірақ бұл болжамдарға қатысты әлі ресми мәлімдеме айтылмады. Сондықтан тергеу жүргізіп жатқан полицияның ресми ақпарын күткен дұрыс.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #берденов #ауруханаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz