RU
Толық нұсқаға өту

Тоқаев Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасымен бейресми кездесу өткізді

22.04.2025, 13:40 514

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов Түркістанда бейресми кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға Түркістанға келгені үшін алғыс айтып, бұл қаланың түркі халықтары үшін қасиетті орын екенін атап өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жақсы дамып келе жатқаны айтылды. Әсіресе, газ және көлік-логистика салаларында маңызды жобалар бар екені сөз болды. Бұл жобалар қазақ-түрікмен экономикалық байланысын нығайта түспек. Президент Гурбангулы Бердімұхамедовті БҰҰ-ы қолдаған «Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының» басталуымен құттықтады. Бұл бастама Түрікменстанның халықаралық беделінің жоғары екенін көрсетеді. Өз кезегінде Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, Қазақстанды Түрікменстанның басты серіктестерінің бірі деп атады. Сондай-ақ екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстардың болашағы зор екенін жеткізді. Бұдан бөлек, кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту жолдары және өзара сауда көлемін 1 млрд долларға жеткізу мәселесі де талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді.

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы:

- Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін.

Тағы тараптар екі елдің стратегиялық жобалар аясындағы серіктестікті тереңдету жайын да талқылады. Кездесу барысында газ саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстанның шетелдік серіктестермен бірге Түрікменстандағы ірі «Галкыныш» газ кен орнын игеру жобасына қатысуы мүмкіндігі қарастырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Булдак» темір жолының маңызын атап өтіп, бұл жоба табысты жүзеге асқан жағдайда көлік бағыттарын әртараптандыру мен экспорт нарығын кеңейтуге жол ашатынын айтты. Ал көлік-транзиттік әлеуетті арттыруда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол магистралы мен қазіргі таңда құрылысы жүріп жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолының стратегиялық маңызы жоғары екенін жеткізді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz