RU
Толық нұсқаға өту

Медицина мен өнеркәсіп саласында жасанды интеллект қолданылады

22.04.2025, 13:52 747

Шығыс Қазақстан облысының ғалымдары денсаулық сақтау және өнеркәсіп салаларында жасанды интеллектіні пайдалануға кірісті. Нейрондық желі диагнозды қою үшін қолданылады. Өңірдегі зауыттар мен кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін де жасанды интеллект бақыламақ. 

Былтыр цифрлық мониторинг жүйесі Қазақстанда жасанды интеллектіні пайдалану туралы 46 мың сілтемені тіркеген. Қазір нейрондық желілер елдегі барлық университетте қолданылады. Екі мыңнан астам студент  пайдалану жолдарын меңгерген. Мәселен, Өскемендік инженер Давид Борзинец жасанды интеллектті дәрігердің көмекшісі ретінде пайдаланады. Ол анемия ауруын анықтайтын бағдарлама жасаған. Жаңа жоба қазір Астананың жетекші клиникаларында сынақтан өтіп жатыр.

Давид Борзинец, Инженер:

- Бұл жоба толықтай әзір десек те болады. Қазір елордадағы клиникалар біздің жобаға қызығушылық танытып отыр. Бұл бағдарламаны Денсаулық сақтаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесіне біріктіре отырып, еліміз бойынша жүзеге асырамыз деген жоспарымыз бар.

Мұхамед Төлегеновтың цифрлық бейнебақылаушысын өңірдің ірі зауыттары қолданысқа енгізді. Бұл жоба өндіріс процесін толық бақылауға мүмкіндік береді. Ақылды камералар цехтардағы жағдайды қадағалайды. Егер жұмысшы арнайы бас киімсіз жүрсе, қауіпсіздік ережесін бұзу дерегі тіркеліп, жұмыс процесі тоқтайды. Жаңа бағдарламаның берері мол. Мысалы жыл басынан бері өңірдегі өндірістік кәсіпорындарда 300-ге тарта жұмысшы жарақат алған.

Мұхамед Төлегенов  , ІТ маманы:

- Біз осы жобаға тапсырыс берген ірі кәсіпорындармен жұмыс істедік. Нәтижесінде еңбек қауіпсіздігін қадағалайтын жаңа бағдарлама ойлап шығардық. Мұның көмегі көп деп есептеймін.

Физика-математика ғылымдарының кандидаты Наталья Денисова су тасқыны мен көшкін қаупін болжау үшін жасанды интеллектіні   пайдаланады.

Компьютер, интернет және термодатчик жұмысты жеңілдетті. Енді мамандар қардың көлемін анықтау үшін тауға шығып, өз басын қатерге тікпейді. 

Наталья Денисова, физика-математика ғылымдарының кандидаты:

- Қар көшкіні қаупін болжайтын жобаны біз үшінші жыл жүзеге асырып отырмыз. Алдағы уақытта да қолданылады деп есептеймін. Жасанды интеллекттің көмегімен әлі де дамытып, жандандыруға болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанадағы халықаралық жасанды интеллект орталығында нейрондық желілердің мүмкіндіктері зерттеледі. Өңірлер де көштен қалмайды. Алдағы 5 жылда млн-нан астам қазақстандықтың жасанды интеллектіні игеруі үшін қазір барлық жағдай жасалып жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz