RU
Толық нұсқаға өту

«Хабар» агенттігі мектеп кітапханасына 100 кітап тарту етті

22.04.2025, 20:56 795

Ұлттық кітап күні қарсаңында «Хабар» агенттігі ілкімді іске ұйытқы болды, деп хабарлайды 24kz.

Астананың іргесіндегі Талапкер ауылындағы мектеп кітапханасына 100 кітапты тарту етті. Агенттік қызметкерлері жинап берген бұл кітаптардың арасында көркем әдеби туындылармен қатар оқу бағдарламасына енген шығармалар да бар.

Нұрқанат Қанапия, тілші:

- Қазір менің қолымда Дулат Исабековтің «Дермене» шығармасы. Әрине, ауылдан тамыры ажырап бара жатқан, атарба мен түйешананың айырмашылығын білмейтін, ауыздық пен жүгеннің не екенінен бейхабар балалар үшін бұл үлкен көмек болатыны сөзсіз. «Хабар» агенттігі дайындап алып келген кітаптардың арасында мұндай шығармалар баршылық. Мысалы, Қаржаубай Омарбайұлының «Әке» деген шығармасы, сондай-ақ балалардың дамуына үлкен көмек беретін Энтони Роббинстың «Бойыңдағы алыпты оят» деген сияқты осындай-осындай үлкен, әлемге белгілі шығармалар баршылық. Қазір осы кітаптарды мектеп оқушыларына табыстайтын сәт келіп тұр.

Елорданың іргесіндегі Талапкердегі мектеп былтыр ашылды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында тұрғызылған білім ордасында 1200 бала оқиды. Мектеп заманауи талаптарға сай жасақталған. Ал бүгін кітапхана қоры «Хабар» агенттігі сыйлаған 100 кітаппен толықты. Әрине мектеп қабырғасында кітапқұмар бала көп. Олар күнделікті кітап оқуды әдетке айналдырған.

Дінмұхамед Қаржаубай, 8-сынып оқушысы:

- Менің ойымша, күніне бір кітапқа уақытыңды бөліп отыру керек. Және де кітаптың жанрына қарай, мысалы сен фэнтези жанрын оқысаң, онда өзің сол әлемге беріліп кеткендей боласың. Ал мысалы драма, мысалы «Бақытсыз Жамал» кітабын оқыған кезде өзің Жамалды аяп кететін боласың.

Тұмар Көшкінбаева, 7-сынып оқушысы:

- Иә, осы күніне 30 минуттай, 15 минуттай кітап оқыған өте пайдалы деп ойлаймын. Кітап оқыған кездегі кейіпкерлердің көңіл-күйін өзімен бірге сезінген өте жақсы.

«Хабар» агенттігі тарту еткен 100 кітаптың арасында көркем әдебиет, мотивациялық бағыттағы шығармалар мен мектеп бағдарламасына енген таңдаулы туындылар бар. Ал ғылыми мазмұндағы жинақтар оқушылардың көмекшісіне айналатыны анық.

Дәулетхан Жиенқұлов, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Қазіргі жаңа технологияны, техникаларды меңгеру өз алдына, ол тіпті заман талабы. Ол айтпаса белгілі, маңызды мәселе. Дегенмен, рухани әлем, рухани ырзық, рухани дүниелер, рухани құндылықтар, бұлар ешқашан өшпейді.

Әрбір жаңа кітап кітапқұмар балаға керемет тарту. Қолға түсе бермейтін туындыларды мектеп ұжымы қуана қабыл алды.

Бақыт Шәкірова, ІТ мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы:

- Жаңадан ашылған мектебімізге кітап қорымен байытып, кітап қорына үлесін қосып отырған «Хабар» агенттігіне алғысымзды айтамыз. «Хабар» агенттігі әкелген кітаптар, ол жаңа білімге сай, қазіргі оқушылардың мотивациясын, ақыл-ойына үлес қосатын, тағы да өмір сүруіне, жалпы білімге деген құштарлығын арттыратын, жаңа серпін беретін кітаптар деп ойлаймын.

«Хабар» агенттігі мұндай акцияны бұған дейін де ұйымдастырған еді. Агенттік қызметкерлері Ұлттық кітап күні қарсаңында «Ханшатыр» орталығында кітап таратты. Сол күні әртүрлі жанрдағы жүзден астам кітап өз оқырманын тапты.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz