Елорда іргесіндегі Талапкер ауылындағы ІТ лицейде бір сыныптың оқушылары кітап оқиды.
25 баланың 17-сі тұрақты түрде кітапқа ден қойып, құрдастарына үлгі болып жүр.
Талапкердегі ІТ лицейдің шәкірттері Дінмұхамед пен Тұмар кітап оқуды күнделікті дағдысына айналдырған. Олар күн сайын кітапханаға арнайы барады және жаңа келген әр кітапты бірінші оқуға тырысады. Екеуі мектеп кітапханасындағы барлық кітапты оқып шыққан.
Дінмұхамед Қаржаубай, оқушы:
- Маған кітап оқу өте қатты ұнайды. Мен осы «Бақытсыз Жамал», «Аққулар ұйықтағанда» поэзиясын оқығанмын және де Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Абылайханның түс жоруын» оқыған болатынмын.
Тұмар Көшкінбаева, оқушы:
- Иә, әрине ұнайды. Мен бос уақытымда және демалыс күндері кітап оқығанды жақсы көремін және көптеген авторлар, менің сүйікті авторларым бар.
Балаларды кітапқа баулуда ұстаздар ерекше тәсіл қолданады. Мектеп мұғалімі Жансая Төлеуханқызы алдымен ата-ана үлгі болуға тиіс дейді. Яғни әр балаға демалыс кезінде әке-шешесімен бірге бір кітапты оқуды тапсырған.
Жансая Байсеркеева, Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Біз күзгі демалыс уақытында «23 оқушы - 23 кітап» деген акция өткіздік. Ол акция бойынша оқушылар кітапханадан кітап алып, болмаса өздері ұнатқан кітаптарын тауып алып, оқиды. 10 күн каникулдың ішінде оқыған кітаптарын зум эфир арқылы күнде кешке қарай мазмұндап отырдық. Одан кейінгі күндері ата-ана қосылды. Оқушымен бірге кітап оқып бірге талқыладық.
«Қазір балалар кітапханадағы кітаптарды жарыса оқып жүр»,- дейді ұстаз. Көпшілігі телефоннан бас тартып, әдеби шығармалар желісін талқылағанды ұнатады. Соның арқасында сабақ үлгерімдері де жақсарып отыр.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Талапкер #мектеп #кітапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz