RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысындағы Бөкейхан ауылы 5 жылдан бері таза ауызсуға зәру

23.04.2025, 14:05 680

Атырау облысы Бөкейхан ауылында 400-ге жуық отбасы тіршілік нәріне мұқтаж.

Халық ауызсу тапшылығын бірнеше жылдан бері тартып келеді. 2019 жылы жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, ауылға жаңа су құбыры тартылуы тиіс еді. Алайда жобалық-сметалық құжаттамада кеткен қателік салдарынан құрылыс аяқталмай қалды. 

Құрманғазы ауданының шеткері Бөкейхан ауылында тұратын халықты қазірше тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған жалғыз ғана су таситын көлік. Ауыл тұрғындары сырттан әкелінетін әр тамшы суды үнемдеп пайдалануға мәжбүр. Өйткені бұл су - әрі ауызсу, әрі мал мен егін суаруға арналған жалғыз көз. Бөкейхан - шекаралық аймақта орналасқан, Құрманғазы ауданының ең алыс ауылдарының бірі. Мұнда шамамен 1800-ге жуық адам тұрады. Ауыл тұрғыны Яков Исмагуловтың айтуынша, мұндағы су тапшылығы бір күннің мәселесі емес, көп жылдан бері жалғасып келе жатқан ауыртпалық. «Бір көлік су 4 мың теңге тұрады. Ауылдағы жұрт үшін бұл - үлкен шығын», - дейді ол.

Яков Исмагулов, Бөкейхан ауылының тұрғыны:

- Сол құдықтан пайдаланамыз мотор қондырып алып. Шелекпен тасимыз. Негізінен оны ішуге пайдаланамыз ғой енді. Егін көп еге алмаймыз. Аздап-аздап шамалы бірдеңе егеміз. Неге десеңіз су тасу қымбаттау, ақшаға шығады.

Жергілікті билік осыдан 6 жыл бұрын ұзындығы 21 шақырым Кудряшов және Бөкейхан ауылдарына ауыз құбырының жобасын жасақтаған еді. Бірақ жобадан қате кетіп, құрылыс 4 жыл бойы тоқтап қалған. Биыл жұмысы қайта жанданыпты. Қазір Кудряшовта жұмыс 80 пайызға аяқталған.

Жомарт Қауысов, мердігер мекеме өкілі:

- Қазіргі таңда біз құдықтың ішіндегі құрылғыларды жинап, трубаларды іске қосып жатырмыз. Іштерін жинақтап, дайындадық.

Құбыр тартумен қатар су тазарту ғимаратының құрылысы да қатар жүруде. Әкімдіктегілер осы жылдың аяғына дейін 2 ауылға ауызсу жеткіземіз деп сендірді.

Мұратбек Мұхитов, аудандық Құрылыс бөлімінің бас маманы:

- Құрылыс монтаж жұмыстары 2025 жылдың қазан айында аяқталады. Жоба құны 1 млрд 213 млн 413 мың теңге. Қазіргі уақытта су құбыр желілерінің 80 пайыз жұмыстары жүргізілді.

Атырау облысы бойынша әлі күнге 10 ауыл таза ауызсуға зәру. Биыл 7 елдімекенге жаңа құбыр тартылатын болады. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz