RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда үш айда өндірістегі жазатайым оқиға 5 есе азайды

23.04.2025, 19:30 880

Стастистика бойынша Қазақстанда 25 мың жұмысшының ішінде біреуі өндірістен зардап шеккен. Биылғы үш айдың көрсеткіші осындай. Десе де былтырғымен салыстырғанда жұмыстағы жазатайым оқиғалар анағұрлым төмендепті.

Үш айда өндірістегі жазатайым оқиға 5 есе азайды

Алғашқы үш айда өндірістегі жазатайым жағдай бес есе төмендеген. Былтыр кәсіпорындардағы әрбір 5 мың адамның ішінен біреуі мертіксе, биыл 25 мың адамның біреуі жазатайым оқиғаға тап болған екен. Мәселен, 2024 жылдың бірінші тоқсанында 700 адам зардап шекті. Оның ішінде 90 жұмысшы қапыда жан тапсырған.

2024 жылдың 12 айында 1408 адам өндірістік апат және жазатайым оқиғалардан зардап шекті. Өкінішке қарай, 202 азамат бақилық болды. Көңіл көншітерлік сан емес, әрине. Бірақ алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,5%-ке азайған.

Былтыр өндірістегі апаттардың ауыр зардабын Қарағандыдағы шахтерлер көп тартты. Кеншілер өңірі 159 адаммен антирейтингте көш бастаған. Шығыс Қазақстанда 124, Алматы облысында 116, Павлодар өңірінде 112, Абай аймағында 101 және Қостанай облысында 91 адам қапелімде мертігіп қалды.

Биыл алғашқы тоқсанда 293 адам өндірістегі жұмыс кезінде зардап шеккен. 40 адам ажал құшты. Дені сол баяғы Қарағанды облысынан. Мұнда 31, Қостанай облысында 27, Шығыс Қазақстанда 24, Ақтөбе мен Атырау өңірлерінде 22, Алматыда 19 адам жапа шеккендер статистикасына іліккен.

Өндірістегі жазатайым жағдайлардың себептеріне үңілсек. 34,4%-і жұмысты нашар ұйымдастырудан болған. 32%-і жұмысшының өрескел қателігінен, 8,4%-і жол-көлік қозғалысы ережесінің бұзылғанынан, тағы 7,6%-і еңбек қауіпсіздігі мен қорғау ережесін сақтамауынан болды.

 

Қазақстанда кәсіби қауіптіліктің 22 санаты бар

Елде кәсіби қауіптіліктің 22 санаты белгіленген. Соның ішінде ең қауіптісі – шахтадағы жұмыс. Айта кетейік, жазатайым жағдайда жұмысшы жеңіл жарақат алса, яғни комиссия оны 5%-тен 29%-ке дейін бағаласа, қызметкер өз есебінен емделеді. Жарақат деңгейі 30%-тен асса, компания төлейді. Азамат мүгедек болып қалса, не өмірден өтсе, төлем орташа жалақы көлеміне қарай есептеледі. Өтемақы азамат дүниеден өткен жағдайда мұрагерлеріне беріледі. Оны алу үшін еңбек инспекциясына жүгіну керек. Жалпы елде өмірді сақтандырумен айналысатын 25 компания бар. Жалпы сақтандыру нарығы 703 млрд теңге болса, өмірін ерікті түрде сақтандырғандарға 977 млрд теңге ұсынылыпты. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.

Руслан Құрманғалиев, өмірді сақтандыру компаниясының өкілі:

- Қандай да бір жағдай болсын, адам дүниеден өтсе, оның қарызын сақтандыру компаниясы тікелей барлығын жауып береді. Егер халық оны алмаса, қандай да жағдай болса, онда мұрагерлеріне мойнына алынады деген сөз. Соны ұғу керек. Өйткені сақтандырудың жарналары кішкентай болғанымен, көптеген үлкен компенсациясы бар, соны ұғыну керек.

Еске сала кетейік, былтыр өмірді сақтандыру компаниялары сыйақысының 12%-ін оңалту мен алдын алуға бағыттауды, зардап шеккендердің санаторлық еміне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем жүргізуді көздейтін заң қабылданды. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігінің кәсіби стандарты бекітілді.

 

500-ден астам кәсіпорын жоғары қауіптілік есебінен шығарылды

Ерболат Абулхатин, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының м.а.:

- Атап айтқанда, тәуекел деңгейі, қызметкерлерінің саны, олардың қозғалысы, еңбек бұзушылық туралы мәліметтер бар. Жалпы еңбек қатерлілігі актісі шеңберінде бүгінгі күні 92 мыңнан аса кәсіпорын осы республика бойынша қамтылып отыр және тұрақты негізде бақылауда. Қолданылып отырған шаралар негізінде жыл басынан бері 500-ден астам кәсіпорын жоғары қауіпті деңгейден шығарылды. Қазіргі таңда қаупі жоғары 1500 кәсіпорын бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуы үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Заңнамаға сәйкес еңбек қатынастары бойынша мемлекеттік бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Еңбек министрлігіне берілген еді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz