1944 жылдың ақпан айында солтүстік Кавказдан 500 мыңнан астам адам Қазақстанның солтүстігіне қоныс аударылды. Бұл депортацияға ұшырап, атамекенінен мәжбүрлі түрде қуылған шешен мен ингуштар еді. Қақаған аязда ұзақ жолдан әбден жүдеген қарттар мен балаларды бауырына басып, мейірбандық танытқан қазақтың жомарттығын олар ұмытқан емес. Нәубеттен аман қалған ұрпақтары жақсылыққа жақсылықпен тіл қатып отыр.
Туған жерінен күштеп көшірілгенде Гилани Садулаевтың әкесі небәрі 7 жастағы бала екен. Олар 1944 жылдың ақпан айында бүкіл туыстарымен бірге Павлодар облысына табан тірейді. Содан бері Аққулы ауданының Қызылқоғам ауылында тұрып жатыр.
Гилани Садулаев, «Халкъан Барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің басқарма мүшесі:
- Мына Сталиннің саясатымен шешен-ингушты бәрін жер аударды. Күштеп жер аударған кезде бүкіл халық осы Қазақстанға келді. Келген кезде енді жолда көбі марқұм болып кетті аштықтан, аурудан. Ол кезде енді жерлеген де жоқ. Вагондарды тоқтатып, лақтырып, туысқандарынан көбі айырылып қалды.
«Дүниені шыр айналсаң да, қазақтай дарқан халықты таппайсың», – дейді Гилани Садулаев. Қиын шақта қолдау көрсеткен қазақ халқының жақсылығын ол ата-анасының аузынан естіп өскен.
Гилани Садулаев, «Халкъан Барт» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің басқарма мүшесі:
- Күн суық, қазақтар бәрі қарсы алып, үйлерін бөлісіп, ол кезде қазақтар да жақсы тұрған жоқ. Нанын бөлісіп, құрттарын бөлісіп, үйлерін. Үйлері енді, өздеріңіз білесіздер ғой, сабан үйлер, кірпіш кішкентай. Қамыстан істелген үйлер. Сондай қиыншылықпен бірге тұрды. Қазақтар бауырына тартып, содан бері сол ауылда біздің әке-шешеміз қызмет жасап, біздің үйде 10 бала дүниеге келді.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында шешен мен ингуштардың саны 3 мыңнан асады. Олар қазақ халқымен етене жақын араласып кеткен. Гилани Садулаевтың отбасы әсіресе көршілерімен сыйластықта өмір сүріп жатыр.
Дина Жұмағалиқызы, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Осы араға көшіп келгелі 20 жыл болды. Өзіміз Құлынды даласынан, Ресейден көшіп келдік. Сол, міне, осы 20 жылда Гилани бауырымның жанұясымен жақсы қарым-қатынаста, тату-тәтті тұрып жатырмыз. Біріміздің жоғымызды біріміз толықтырып қашанда болсын. Өте жақсы адамдар, кішпейіл, балалары да сәлемдесіп көрген жерде, біздің балалар да «аға-аға» деп қатты сыйлайды.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 толады. Шешен-ингуш этномәдени орталығы да айтулы мерекеге дайындық үстінде. Ұлттық жаңғыру мектебіне баратын жастарға аға буын өкілдері халықтар достығы, бірлік пен татулық жайында дәрістер өткізеді. Орталықта шешен, ингуш тілдері мен әдебиеті, хореография және вокал бойынша топтар бар.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #ҚХА 30 #қазақтар #депортация #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz