RU
Толық нұсқаға өту

Шымкентте достық пен татулықты қадір тұтатын Әлиевтер отбасы тұрады

24.04.2025, 08:33 440

Қазақ елі мыңдаған отбасына пана болды.

Қиын-қыстау кезеңде жер аударылып келген талай ұлт өкілі осы жерде жан сақтап қалды. Жылдар өтіп, өсіп өнді. 

Сондықтан ел ішінің бірілігі бекем. Шымкент қаласының тұрғыны Рамзан Әлиевтің отбасы да тарихтың соқтықпалы, соқпақсыз жолынан өткен. Елге келген сәттерін әркез еске алып, қиын кезеңдерден аман шыққанына тәубе деп отырады. 

Мына ескі фотосуреттерде талай сыр, қилы тағдыр жатыр. Рамзан Әлиев суреттегі әкесінің бейнесіне жиі қарайды. Отбасын он мыңдаған шешендермен бірге жүк вагондарына тиеп, белгісіз жаққа бағыт алғанда Рамзан небары 7 жаста еді.

Рамзан Әлиев, қала тұрғыны:

-Қажетті заттар салынған қолжүгіміздің қайда қалғанын да білмедік. Мал таситын вагондар лық толы болды. Жол бойында қаза тапқандарды жерлеуге де рұқсат етпей, лақтырып кеткенін көрдім. Біз осылай Түркістанға жеттік.

Бұрын-соңды көрмеген бейтаныс аймаққа көшу, әрине, оңай емес. Бірақ көпті көрген қария осы мекенде қазақ халқының адамгершілігі мен мейіріміне қанғанын айтады. «Өздері аш отырса да, адамдықтан аттамаған қазақтарға алғысым шексіз»,- дейді Рамзан Әлиев.

Рамзан Әлиев, қала тұрғыны:

-Мұнда келгенде мейірімді адамдарды көрдік. Бізден көмегін аяған емес. Мен өз халқыма осындай елмен тату болуды өсиет еткім келеді. Олардың жасаған жақсылығын ұмытпаймыз. Біздің қайғымызға ортақтасты, қиындығымызды бөлісті.

Сол пойызда бірге болған кей адамның бұл мекенге жете алмай жан тапсырғанын Рамзан Әлиев күрсіне еске алады. «Бірақ аман қалғандары қазақ халқына қарыздар»,- дейді қария. Ол Қазақстанда өсіп-өніп, білім алған. Отбасын құрған. Кавказ таулары мен қазақ даласын ешқашан ұмытпайтынын айтады.

Рамазан Матаев, Шешен-ингуш қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы:

-Мен ойлаймын, басқа жерге бізді апарғанда вайнах халқы бәрі өліп қалар еді. Біздің Қазақстанда тыныш болсын, денсаулық болсын! Аспан ашық болсын! Барлық адам жақсы тұрып, бір шаңырақта тұрып, ағайын боп тұрайық.

Шымкент қаласының тұрғыны Рамзан Әлиев бүгінде 88 жаста. Қазір 8 баласы, жиырма немересі бар. Отбасымен бірге Қазақстан халқының бірлігі күнін жыл сайын асыға күтеді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Самат Нағашбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz