Темірден түйін түйген немесе ағаштан ою ойған ұсталар баршылық. Дегенмен бетіне өрнек салып, сүйекті сөйлеткен шеберлер некен-саяқ.
Солардың бірі елорданың іргесіндегі Қосшыда тұрады. Шебер Бектас Кәрім он жылдан астам уақыт бұрын жауырыннан мүсін жасауға кірісті.
Қосшыда тұратын Бектас Кәрім сүйектен түрлі бұйымдар жасайды. Бұл жұмысты алғаш рет 11 жыл бұрын қолға алды. Бүгінде жүздеген дүниесі көрмеде тұр. Жануарлар әлеміне бойлағанды жөн көретінін жасаған бұйымдарынан аңғарасыз. Балық аулаған құтан, арқарға шапқан барыс, тұмсығын көкке созған бұғы – шебердің қолынан шыққан дүниелердің бір парасы. Дегенмен ұлттық құндылықтарды ұлықтауды да ұмытқан емес. Мәселен, «Қазақ елі» деп атаған туындысы қазақы дүниетанымды танытып тұр.
Бектас Кәрім, қолөнер шебері:
- Тайқазаннан бастап біздің өнеріміз, ән-күйіміз, одан кейін біздің шаруашылығымыз бар, арғымақ атымыз, мүйіздің өзі біздің еркіндігіміз, тауешкінің жаңағы ерекше мүйізі біздің елтаңбамызда да бейнеленген. Шаңырақ аспандап, биік болсын деген.
Бектас шебер көбінесе жылқы және сиырдың жауырынын қолданады. Қолға түсіп жатса, түйенің де жауырынын кәдеге жаратады. Бүтін сүйекті табу оңай емес дейді шебер. Дегенмен арнайы әкеліп беретіндер де бар. Ал оның бойындағы майды шығару үлкен жұмыс. Бір бұйымды жасауға бірнеше ай жұмсауы мүмкін.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Сүйекті майдан арылту оңай жұмыс емес. Бірнеше процестен тұрады. Алдымен алып келген жауырынды үш-төрт сағат қайнатады. Ол кезде тұз, басқа да қоспаларды қосады. Одан кейін екі тәулік көлеңкеде кептіреді. Екі тәулік кепкеннен кейін осылайша болашақ мүсіннің нобайын, суретін сызып алады. Осы нобай бойынша ою-өрнек салынады. Қазір бұл процестің қалай жүзеге асатынын сіздерге көрсетіп көрейін. Әрине жұмыс оңай емес. Бірақ кейі жағдай ою-өрнегі салынғаннан кейін де сүйекті қайнататын сәттер болады. Өйткені сүйектің кемігінде май қалып қояды. Тағы да үш-төрт сағатқа қоспалар қосып, қайнату қажет.
Бектас Кәрім, қолөнер шебері:
- Майлы кемігі жарыққа ұстаған білініп көрініп тұрады. Қарайып тұрған жерінде кемік бар. Мына сүйектің арасы қуыс деген сөз. Мына арада қуыс бар. Осыларда майды ұстап тұрған кемік бар. Қарайып тұрған шеті сол көрініп тұрған.
Бектас ағаның жауырынды таңдауының мәні бар. Алақандай жалпақ болғандықтан түрлі идеяны сыйғызу жеңіл. Және қазақ ертеден жауырынды ерекше қадірлеген. Киелі сүйек ретінде келешекті, күн райын болжауда қолданған.
Бектас Кәрім, қолөнер шебері:
- Қонақ ауылға барып, қонғаннан кейін ет артылып, ет жеп болғанна кейін жауырын сүйекті алып ап, сол ауылдың қандай ауыл екенін болжап, сол жауырынмен біраз нәрсені сол жерде болжап отырған екен. Өйткені жауырынның мына жағы қазанша, мына шұңқырының өзіне қарап, бұның өзі әртүрлі, шұңқыры таяз, шұңқыр деген сияқты. Тереңдеу болса, еее мына ауыл тоқ, қазаны тоқ.
Осы уақытқа дейін Бектас аға бірнеше халықаралық көрмелерге қатысты. Түрлі байқауларда топ жарды. Жасаған жұмыстары көпшілік тарапынан сұранысқа ие. Арнайы тапсырыс беретіндер де бар. Шебердің ендігі мақсаты - шәкірт баулу, қазақтың ежелгі өнерін келешек ұрпаққа табыс ету. Жақында осы оймен арнайы үйірме де ашты.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ырыстанбек Оспанов
Тегтер #Таңдаулы #шеберPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz