RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-дағы неміс этно-мәдени бірлестігінде шетел тілін үйренуге болады

24.04.2025, 14:30 416

Орталықта жексенбілік тіл мектебі ашылды. Сонымен қатар музыка үйірмелері, еріктілер клубы мен қаржы сауаттылығы курстары бар.

Қазақстанда 200 мыңнан астам неміс ұлтының өкілі тұрады. Олар ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрді сақтап, өскелең ұрпаққа өнеге етеді. Қазақ жеріне алғашқы немістер 18-ғасырда келді. Ал 1941 жылы Поволжьядан 117 мыңнан аса адам жер аударылған. Қазір елдегі немістер бірлестігінің қоғамдағы орны айқын. Жастар Гёте, Шиллер, Гейне сияқты классиктердің тілін үйренеді.

Елена Урюмцева, Неміс мәдени орталығының оқытушысы:

- Мұнда балалар этникалық немістердің мәдениетімен танысып, түрлі мерекелер тойлайды. Қазақстанға жер аударған немістер туралы түрлі мәліметтер баяндалады.

Тея Жампеисова неміс этномәдени орталығында шет тілін үйреніп жүр. Немісше тіл сындырып қана қоймай әлем әдебиетінің жауһарларымен танысуды көздейді.

Тея Жампеисова, тіл үйренуші:

- Мен неміс тілін үйрене жүріп жаңа таныс, дос табамын. Жаңа тіл үйренген адамның ой-өрісі де кең болады. Әрине, мәдениетін зерделеу де өте маңызды.

Неміс этномәдени орталықтары бірқатар өңірде бар. Алматы мен Ақтауда институт жұмыс істейді. Драма театры да көрерменнің ықыласына бөленген.

Неміс этномәдени бірлестігі жанынан құрылған бұл ансамбльдің мүшелері талантымен талайды тамсандырған. Түрлі халықаралық байқауларда жүлдегер атанып жүр. Игі жақсылардың басын қосқан бірлестікте қайырымдылық шаралары да өтіп тұрады. Орталық волонтерлері жалғызбасты қарияларға қамқорлық жасап, ұдайы көмектеседі.

 Алёна Шотт, неміс мәдени орталығының белсендісі:

- Біз қариялармен жиі жүздесіп көңілін аулаймыз. Денсаулық топтарын ұйымдастырып, емдік гимнастика жасаймыз. Дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалған шығындарын өтеу, азық-түлік сатып алу, үйлерін жинауды мойнымызға алдық.

Өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері этно-ауылда бас қосуды әдетке айналдырған. Мұнда әр ұлттың болмысымен танысуға мүмкіндік зор. Өңірде Қазақстаннан пана тапқан ұлыстардың тарихы мен салтын бейнелейтін үй-жай ескерткіштер бар.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz