Алматының апорты, Бақанастың күріші, Көкшетаудың балмұздағы, Қарғалының тарысы Қазақстанның бренд өнімдері қатарына кірді.
Еліміздің әр өңірінде өндірілетін 130 түрлі отандық тауар патенттеліп, оларға географиялық көрсеткішіне сай атау берілді. Әділет министрлігі әзірлеген тізімде ет, сүт, ауыл шаруашылық өнімдері бар.
Қызылорда – Қазақстанның негізгі күріш егетін өңірі. Ақ күріштің астанасы атанған аймақта бүгінде 85 мың гектар алқапқа дақыл дәні себіледі. Биыл да сыр маржанын көлемін ұлғайту межесі көзделген. Өңір күріш өсіруге қолайлы климатымен танымал. Дәмі жағынан ең үздіктер қатарында.
Дамир Әбілда, күріш өңдеу зауытының меңгерушісі:
- Екі зауыт екі-екі ауысымнан жұмыс жасаймыз. Бізде ақ күріштің түрлерінен Янтар, Лидер, Каурис деген сорттар бар. Соларды шығарып жатырмыз. Сапа жағынан бізде көбісі үйренген Лидер.
Валерий Қасымбаев 40 жыл бойы ара өсіру және бал өнімін шығарумен айналысады. Қазіргі таңда көпке танымал "Алтай балын" отандық брендке айналдырған. Омарталары Шығыстың түрлі табиғи-климаттық аймақтарында орналасқан. Тәтті өнімдері Қазақстаннан бөлек, Еуропа мен Азияға жеткізіледі.
Валерий Касымбаев, шаруа қожалық басшысы:
- Біздің аймақтың өзі бал өсіруге таптырмас мекен. Алтай тауының ерекшелігі мұнда омарташылыққа өте қолайлы. Жабайы көпжылдық өсімдіктер Қазақстан аумағына тән ерекшелікті беріп отыр, біз осыны тиімді пайдаланып келеміз. Шығыста республикадағы аралардың 70% мекендейді. Біздің бал өнімдеріне өзге елден де сұраныс көп. Қытай, АҚШ, Моңғолиядан тапсырыстар түседі.
Ерекше мәртебе берілген таңдаулы тауарлардың жаңа тізімін Әділет министрлігі бекітті. Қазақстанның жаңа бренді деп танылған санаулы өнім қатарында Қызылорданың кәмпиті мен күріші, Шығыстың балы, Қостанайдың құрты, Нарынқолдың картобы, Талғардың алмұрты бар. Көптің ішінен бұлардың таңдап алынуы бекер емес. Министрлік бекіткен ережеге сәйкес орналасқан жеріне байланысты бірегей қасиеті, сұранысы, тұтыным ерекшелігі ескерілген. Өткен жылы аймақтар арасында небәрі 5 географиялық нұсқама тіркелген.
Дулат Қосыбай, ҚР Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің бас сарапшысы:
- Географиялық нұсқама – белгілі бір географиялық шығу тегі бар және осы шығу тегіне байланысты қасиеттері немесе айрықша беделі бар өнімдерде қолданылатын белгі. ГН ретінде қызмет атқару үшін нұсқама белгілі бір жерден (географиялық аумақтан) шыққанын растау керек. Біздің ұлттық реестр бар ғой, қалаған кәсіпорын осыған өтінім тапсыра алады. Біздің сараптама ұйымы соны тексереді де, сосын заң талабына сай келсе, онда оны тіркейді. Болды, брендтер қатарына кіреді.
Жаңа тізім келер жылы тағы толығуы мүмкін. Министрлік бүгінгі таңда 70 кәсіпорыннан келген өтінімді саралап жатыр. Белгіленген талапқа сай шықса, оларға да ерекше мәртебе беріледі. Қазақтың бренді қатарын толықтыруға құлықтылардың ішінде "Маңғыстаулық бекіре", "Баянауыл қымызы" сынды өнімдер бар. Географиялық нұсқамаларды тіркеуге ең көп өтініш Павлодар, Қызылорда облыстарының кәсіпкерлерінен түсіпті.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Ақшидің шұбаты, Көкшетаудың балмұздағы, Қарғалының тарысы, Хромтаудың сүті. Санамалай берсек көп. Осылайша, 130 түрлі отандық өнім патенттеліп, оларға географиялық көрсеткішіне сай атау берілген. Олар енді Қазақстанның әр өңірінен шығатын бренд тауарлар қатарында.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Диас Қобыланбаев
Тегтер #бренд #өнімдер #отандық тауар #ауыл шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz