RU
Толық нұсқаға өту

Түбі бір түрік ағайындар татулықты қалайды

24.04.2025, 17:20 437

Түркістан облысында 12 мыңнан астам этникалық түрік ұлтының өкілдері өмір сүруде.

Олар елімізге 1944 жылы күштеп қоныс аударылған болатын. Бүгінде түріктердің басым бөлігі Түркістан мен Кентау қалаларында, сондай-ақ Сарыағаш, Келес, Сайрам, Төле би және Түлкібас аудандарында шоғырланған. Тілі басқа болғанымен ділі бір, діні ортақ бауырлас халық қилы кезеңде қазақ жұртының кеңпейілділігі мен көмегін ерекше сезінгенін айтады. Қиын-қыстау заманда құшағын жайып қарсы алған қазақ елінің жақсылығын олар әлі күнге дейін жүректерінде сақтап келеді. «Бізге алғаш келген кезімізде қазақтар үйін, нанын бөлісіп берді. Сол жылдары тірі қалуымызға себепкер болған осы халықтың жақсылығын ұмытпаймыз», – дейді жергілікті этникалық түріктер.

Төле би аудандық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Джайлабай Байрамов өзін Жаныс руының бір баласымын деп санайды. Себебі 1944 жылы әке-шешесі Қазақстанға жер аударылғанда Сайрам ауданы, Крупская ауылына тұрақтаған. Сонда жергілікті халық алыс жолдан арып-ашып жеткен ағайынға қолындағы барын беріп, аман алып қалғанын айтады.

Джайлабай Байрамов, Төле би аудандық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі:

- Бізді сонда бір отбасына бөліп берген. Бейбіш ата деген шалдың үйіне түскенбіз. Біреудің сиыры бар, біреудікі жоқ. Өздерінің малының сүтінен берген, айранынан берген. Бір бөлмеде балалар жатқан, бір бөлмеде үлкен әйелдер жатқан, бөлмеген. Барын беріп, қыстан аман-есен біздің отбасымызды алып шыққан. 

Қуғын-сүргін жылдары қазақ халқының мейірбан, бауырмалдығын көрген этнос өкілдері «Сен осы елде туып-өстің. Енді осы елге қызмет ет», дегенді кішкентай балаларының құлағына құйып отыратынын айтады. Джайлабайда ер жетіп, етең жеңін жинаған соң Көксәйек колхозында жауапты қызметтер атқарды. Сол кезде кем-кетік пен жетім-жесірге көмек қолын созып, жақсылықтың қарымтасын қайтаруға тырысқан. Қазір ауылда 15 мыңдай халық тұрады. Оның үштен бірі өзге ұлт өкілдері.

Жексенбек Сердәулетов, Көксәйек ауылының әкімі:

- 9 ұлт өкілі де бәрі бір-бірімен тату-тәтті, жақсы өмір сүреді. Ұлттық мерекелер болады, басқа болады, бәрі бір кісідей атсалысады. Округ бойынша өзге ұлт өкілдерінің саны түрік, күрдтеріміз бар, орыстарымыз бар 5,5-6 мыңға жуық халық, жақсы өмір сүріп жатқан жағдаймыз бар. 

Бүгінгі күні Түркістан облысында 50 ұлттың өкілі тұрады. «Аштықта жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпейді» демекші, облыстық Ассамблея мүшелері жыл басынан бері 40 қайырымдылық шара өткізіп, 300-ден аса отбасыға 20 млн теңгеге жуық көмек көрсетті. «Мемлекет бізге барлық жағдайды жасап жатыр, біздің де рахметіміз болуы керек», - дейді Джайлабай Байрамов.

Джайлабай Байрамов, Төле би аудандық Түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі:

- Біз не беруіміз керек? Біз тату болуымыз керек, ынтымақ-бірлік болуы керек. Еліміз, жеріміз аман-есен болсын. Мен қазақ халқына өте ризамын. Сол жақсылықты біз 80 жыл өтсе де естен шығармаймыз.

Биыл этносаралық татулықтың алтын діңгегіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Осыған орай Түркістан облысында 2 мыңға жуық іс-шара өтеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда өңірдегі этнос өкілдері тарапынан мемлекеттік тілді үйреніп, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін терең тануға деген талпыныс жоғары. Бүгінгі күні облыстағы өзге ұлт өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік біледі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz