Қазақстан халқы Ассамблеясы - азаматтарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын жалпыхалықтық орган ретінде жұмыс істеуі керек. Президент ұйым мүшелеріне осындай міндет жүктеп, бірлестікті дамыту Тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
Құжатта жұмысты жүйелейтін жаңа әдіс-тәсіл мен барлық этностың құқығын қорғайтын негізгі қағидаттар болуы шарт.
Президент елордада өткен отырыста арандатушылар мен бейбітшілікке қатысты көп мәселені көтерді. Алмағайып заманда Ассамблея ерекше рөл атқаратынын айтып, 3 маңызды міндет жүктеді. Биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан ұйымның жұмысы қалай өзгереді? Президент талабы қандай?
Тамыры бөлек, тағдыры бір. Діні басқа, ортақ - діл. Түсі өзге, бірақ жүрегі мен тілеуі бір. Тәуелсіздік сарайындағы көріністі тура осылай суреттеуге болады. Мерейтолық жиынға атамекенін ұлықтаған, түпкі тегін ұмытпаған этнос өкілдері түгел жиналды. Олардың төс қағыстыра қауышқаны, бір арнаға ұйысқаны - бекем бірлігімізді айғақтап тұр. Бұл - татулықтың темірқазығына айналған Ассамблея жеңісі. Ынтымағы жарасқан Қазақстанның жемісі.
Бұл – бүгінгі жиынның басты кейіпкерлері. Байқағандарыңыздай, өзге нәсіл, ұлт, этнос – бәрі бар. Алуандығымыз – артықшылығымыз дейтін Қазақстан осымен ерекшеленеді. 30 жылдық мерейтойды ұйым мүшелері думандата қарсы алды. Ордалы отырыс алдында емен-жарқын сырласып, риясыз рәуіште жүздесті. Кейін мемлекет басшысымен бірге басты міндеттерді айқындауға кірісті.
Президент сөз басында жиналған жұртшылықты Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бірлестіктің тарихына және маңызына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға жоғары бағасын беріп, жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналғанын айтты. «Бұл алаңда қабылданған шешімдерді мемлекеттік органдар міндетті түрде ескеруге тиіс», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру.
Ұйым мүшелерінің еңбегі ерен. Иә, көзге көрінбейді, бірден білінбейді. Бірақ, бұл ұзақмерзімді, стратегиялық жұмыс. Қасым-Жомарт Тоқаев осыған мән берді. Былтыр Ассамблея 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 млн-ға жуық адам қатысты. Қазір елде 35 достық үйі бар.
Ассамблея құрамындағы қоғамдық ұйым саны – 4 мың;
Ұйымдастырылған іс-шара – 15 мың;
Қамтылды – 1 млн адам;
Достық үйі – 35;
Құрылым ел бірлігін нығайту ісінде белсенді. Президент соның айқын дәлелі ретінде Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалғанын атап өтті. Ынтымағы ұйысқан ұйым мүшелері игі бастамаларға ұдайы бастамашылық етіп отырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ассамблея қоғамда кәсібилік және еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеуге белсене атсалысып келеді. Александр Папп Ассамблеяның Жұмысшы мамандықтары жылын өткізуге белсене кіріскенін атап өтті. ҚХА бүгінде қоғамдық келісімнің бірегей инфрақұрылымын қалыптастырған қуатты тармақтары бар институтқа айналды. Жер жүзінде мұндай бірегей ұйым құра білген мемлекет кемде-кем. Ассамблеяның арқасында еліміздегі барлық этностар Қазақстандағы оң өзгерістердің бел ортасында жүр.
Иә, мұнымен келіспеске болмас. Бірегей құрылым өз тиімділігін талай рет дәлелдеді. Қоғам қайраткерлері де Президенттің сөзін қуаттап. Бірлестіктің өміршең болатынын айтады.
Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Басқа елдерде кеңес, комитет түрінде жұмыс істейтін құрылымдар бар. Бірақ Ассамблея сияқты ұйым жоқ. Алдағы уақытта Ассамблеяның болашағы бар ма деген сұрақ қояды. Мен ойлаймын, бейбітшілікке әрқашан сұраныс болған. Осы сұраныс бар кезде Ассамблеяға да сұраныс болады.
Президент Ассамблеяның 2026-2030 жылдарға арналған басымдықтарын айқындап, құжат дайындауды тапсырды. Тұжырымдаманың жобасында қоғамды ұйыстырып, үйлесімді дамуға жол ашатын жаңа әдіс-тәсілдер көрініс табуы керек. Сондай-ақ Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностардың құқықтарын қорғауға арналған негізгі қағидаттар көрсетілуге тиіс. Ал ұйым аймақтағы жұмысын жандандыруға міндетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек.
Ұйым алдындағы екінші міндет – ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу. Мемлекет басшысы Қазақстандағы этностардың тілінде шығатын басылымдарға жүйелі түрде қолдау көрсетуді тапсырды. Үшінші міндет – мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдалану.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ерекше төрт этнос театры, яғни, ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайымы болып жүр. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда бәрінің басын қосып, Қазақстан этностары театр өнерінің фестивалін өткізсек болады. Халық көп келеді деп ойлаймын.
Бұл міндетті мінсіз орындау ассамблеяға артылған жүк. Президент ұйым қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қарауды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ.
Мемлекеттік саясат тұрақтылықты қолдады, сөйтіп тыныштық орнады. Арамызда алауыздық болмады. Оны тегі Африка құрлығынан бастау алатын нигериялық Даниэльдің сөзінен аңғардық. Оның айтуынша, 400-ден аса африкалық қазақ жерінде қоныс тепкен. Осыдан 40 жыл бұрын әкесі Қазақстанға көшіп, осы елде Поляк қызына үйленеді. Содан Алматыда қалуды шешіп, Дэниель туғанынан қазақы ділмен тәрбиеленгенін айтады.
Даниэль Джеймс, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
- Мен Алматыда тудым, Алматыда өскенмін. Түрім өзге елдікі болса да, жүрегім қазақ. Қазақстанда өмір сүрген ерекше. Мысалы жаңа ғана Пасха өтті. Біз оны тойлаймыз, мұсылмандық мейрамдарды тойлаймыз. Өйткені бізді діннің, ұлттың айырмашылығы жоқ. Ең бастысы, жүректе адамгершілік қасиеттер мол болсын.
Мемлекет әдепкі саяси ұстанымынан бас тартпайды. Популистік шешімдерден бойымызды аулақ ұстап, байыпты басшылыққа алуды жалғастырамыз. Президенттің айтуынша, бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз.
Иә, тіл өткір тақырып. Бүгінге дейін бұл сұраққа байыппен қарап келдік. Нәтижесінде, дау-дамайсыз-ақ, ана тіліміз төрге шықты. Қазір түлектердің 80 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуді қазақша тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқиды. Бұл тізімде өзге этнос өкілдері де үлес қосып жатқаны сөзсіз. Соның бірі қаршадай қыз – Анель Пичичева.
Анель Пичичева, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
- Мектепті бітірген кезде тіпті сондай қызықты жағдай болды. Мен қазақ тілі мектебін өзім орыс болғаныммен жалғыз ғана 4 орыс тілінен болатын. Атестатта осындай қызық жағдай.
Ал қызылордалық Елана Рыбина «орысша сұхбат беруге қиналамын» деп қысылды, бірақ қазақша сөйлегенде сөзден өрнек өреді.
Елена Рыбина, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
- Өзімнің ұлтым орыс. Дегенмен мемлекеттік тілді әрқашан жаныма серік етіп, насихаттап жүруге тырысамын. Мемлекеттік тілді негізі әрбір қазақстандық білу керек деп санаймын. Мемлекеттік тілді барлық қызылордалықтар жетік меңгерген. Оның ішінде орыс, кәріс, неміс ұлтының өкілдері жетік біледі.
Мемлекет басшысы конструктивті сын мен дәлелсіз мінді айыра білу маңызды деді. Этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолына қатаң тосқауыл қойылады. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден қаржы алып, елге демократия орнатқысы келетін белсенді сымақтар жайлы да айтты. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр деп айыптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан республикасының Президенті:
- Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз. Осындай қисынды әрекеттерімізді халқымыздың басым көпшілігі мен ниеті адал халықаралық серіктестеріміз дұрыс түсінетініне сенімдімін. Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді.
Әңгіме әрі қарай популистер мен саясаткерсымақтар жайлы өрбіді. Президент ел мүддесіне қастық ойлағандарға тұтас қоғам болып қарсы тұруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ.
Кейбір мемлекеттер үшін этникалық әралуандылық сын-қатердің белгісі болуы мүмкін. Бірақ бізде жағдай басқа. Бұл біздің қазынамыз әрі артықшылығымыз. Президент көпэтносты елдігімізді осылай бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ. Береке-бірлігімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай. Еліміздегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассамблея мүшелері табанды еңбек етіп келеді. Мен баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын.
Иә, 30 жылда бағынған белес көп. Ассамблея тұрақтылық тірегіне айналды. Мұны халқымыз жоғары бағалайды. Ұйым мүшелері де өз міндетін әрі қарай жалғастыруға дайын.
Айрат Базенов, «Аlikhan bokeikhan university» проректоры:
- Бізді бөліп жаратын факторлар өте көп. Ұлт, тіл, дін, тіпті дүниетанымымыз әртүрлі. Бірақ бізді біріктіретін құндылықтар одан да маңызды және тереңірек. Бұл адамгершілік, түсіністік, өзара ымыра. Бүгінгі жиналыс та осының жарқын көрінісі деп есептеймін.
30 жылдық мерейтойы аясында Президент бірқатар азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады. Елдік үшін еңбек еткен қайраткерлерге құрмет көрсетілді. Кейін сессия қатысушылармен суретке түсіп, емен-жарқын әңгімелесті.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ҚХА 30 #президент #ұлттар #Тоқаев #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz