RU
Толық нұсқаға өту

Күрт көтерілген Есіл өзені Тепличный ауылына қауіп төндіріп тұр

25.04.2025, 19:15 360

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзені күрт көтеріліп, Тепличный ауылына қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды 24KZ. Қазір ернеуінен шыққан су бөгеттің деңгейіне жақындап қалған. Осыған байланысты жедел әрекет ету штабы құрылып, топырақ үйіндісін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған төтенше жағдайлар, әскери және мемлекеттік қызметкерлер жұмылдырылған.

Петропавл іргесіндегі Тепличный ауылында мыңға жуық адам тұрады. Кеше мұнда Есіл өзені көтеріліп, бөгет үстінен аса жаздады.

Қазір судың деңгейі бөгетпен бірдей болып қалды. Ал оның биіктігі 7 метрге жуықтайды. Осыған байланысты әскери қызметкерлер, шенеуніктер, жалпы қарапайым тұрғындар түннен бері қап-қап құм тасып, оны көтеріп жатыр.

Былтырғы тасқыннан кейін елді мекенде 5 шақырым бөгет салынды. Қыстан кейін оның кейбір тұстары «отырып» қалып, өзен суы бергі бетке өтіп кете жаздады. Бірақ оған төтенше жағдайлар, әскери қызметкерлер мен қарапайым тұрғындар жол бермеді. Олар топырақ үйіндісін қап-қап құммен көтеріп тастады.

Ерден Балғынбаев, ҚР ҰҰ академиясы бастығының орынбасары:

- Ұлттық ұлан академиясынан кешелі бері кешкі сағат 8-ден түнгі сағат 2-ге дейін 200 адам жұмыс істеді. 2-ден таңғы 8-ге дейін 200 адам келді ауысыммен. Үшінші ауысым таңертеңгі 8-ден қазіргі уақытқа дейін жұмыс атқарып жатырмыз. Су деңгейі бағана келіп өлшегеннен бері орнында тұр. Ешқандай өзгеріссіз.

Қазір өңірде тасқынның үшінші толқыны өтіп жатыр. Есіл өзені Қызылжар ауданы мен Петропавлда көтерілген. Ал Сергеев су қоймасының деңгейі біртіндеп түсіп келеді.

Евгений Журавлёв, ТЖД баспасөз хатшысы:

- Есіл өзенінің суы әлі де келіп жатыр. Бірақ біз оған дайынбыз. Жағдай қатаң бақылауда. Үйлерді су басқан жоқ. Бөгетті нығаут жұмыстарына 1300 адам мен 111 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.

Тепличный ауылында 280 үй бар. Судың көтерілуіне байланысты құтқарушылар эвакуация жариялады. Жергілікті тұрғындар аудан орталығы Бескөлге көшіріледі. Ал, іргелес Прибрежный ауылы «аралға» айналды. Үйлер судан аман. Бірақ жол қозғалысына шектеу қойылды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz