RU
Толық нұсқаға өту

Дубайда Қазақстанның IT хабы құрылады

25.04.2025, 19:40 505

Дубайда Қазақстанның IT хабы құрылады. Бұл жайында Араб Әмірлігінде өткен жасанды зерде фестивалінде еліміздің Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті. Бастама отандық стартап жобаларды Таяу Шығыс нарығына кеңінен  насихаттап, қолданысқа енгізуді көздейді. Қазақстандық тарап форум алаңында бірқатар кездесу өткізіп, маңызды келісімдер жасасты.

Қазақстандық стартап жетекшілері енді Дубайда да өнімін ілгерілетіп, нарық мүмкіндігін кәдеге жарата алады. Бұл бастама бір есептен еліміздің IT экспортын ұлғайтуға сеп. Өршіл ғана емес, өміршең мақсат. AI фестивалі аясында қол жеткізілген уағдаластың бірі.

Араб Әмірліктері жаһандық жоғары технология кеңістігіне жан-жақты танылған нарық. Әйгілі «Big Tech» компаниялар мұнда өкілдік ашып, шаруасын ширатқан. Форум әлем елдерінің озық ой иелерін топтастырды. Оның ішінде қазақстандық мамандар да бар. Ауқымды делегацияны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бастап келді. Сала жетекшісі AI апталығы аясында арнайы сессия отырысына қатысты. Елімізде сәтті жүзеге асқан бастамалар мен өзгерістерге тоқталды.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Биыл Астанада халықаралық жасанды зерде орталығын іске қосқымыз келеді. Форум алаңында осы жоспарымызды да айтып, қандай компаниялар орналасатынын жеткіздік. «Alem AI» кешенінде стартаптар кампусы болады. Орталықты ашу идеясы мамандар тарапынан мойындалды. Оның баламасы жоқ. Жасанды зердені экономика секторына енгізу бағытында қызмет атқарады.

Форумда қазақстандық тарап Біріккен Араб Әмірлігі, Малайзия, Сингапур және мысырлық әріптестерімен кездесіп, тәжірибе алмасты. Қазақстанда ойлап табылған технологиялық шешімдер таныстырылды. Көбі «Astana HUB» алаңына шоғырланған. Білім беру, медицина, мемлекеттік қызмет және өнеркәсіп саласында қолданылып келеді. Тіпті кейбіріне сырт елде сұраныс бар. Айталық, отандық «DerekNet» жобасына Әбу Даби мұнай компаниясы айрықша қызығушылық танытып отыр. Оның ерекшелігі, қара алтын өндірісін деректер негізінде талдап, барынша тиімді етеді.

Саламат Қабдолов, технологиялық компания директоры:

- Мұнай-газ компанияларына мұнай мен газдың қаншалықты табылып жатқанын әлдеқайда дәлірек және дәл қазіргі мәндерді тауып беруге көмектесеміз. Сол арқылы шешім қабылдауды жақсартамыз. Мұнай өндірісін көбейту үшін барлық ұңғыманы ашу керек деп ойлаймыз. Бірақ дерекке қарағанда кейбіреуін жауып, кейбірін ашқанда одан да көп шығады. Қиын шешімдер қабылдауға көмектесеміз.

Қазақстанды Таяу Шығысқа танытатын тағы бір ІТ бастама Дубай халықаралық қаржы орталығында қолға алынды. Ол әмірлікте «IT hub» ашуға бағытталған. Келісімді кешенді жүзеге асыру міндеті тұр. Орталық «Astana HUB» стартаптарын араб түбегіндегі елдерге көптеп енгізуге көмектеседі. Яғни экспорттық түсімді арттырады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- «DIFC» және Өзбекстанның «IT Park» ұйымымен бірлесіп, Дубайда «IT hub» ашу жөнінде келісімге келдік. Бұған дейін біз Кремний алқабы, Ұлыбритания, Сингапур және Сауд Арабиясында осындай бастаманы іске асырған болатынбыз. Жаңа кешен Орталық Азияның стартап иелеріне Дубайда коворкинг және кездесу алаңын ұсынады. Венчурлық капитал тартып, инвесторлармен келіссөз жүргізуге жағдай жасайды. Мақсатымыз – қазақстандық ІТ экспортты барынша ұлғайту.

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, биыл Астанада халықаралық «Alem AI» жасанды зерде орталығы ашылады. «ЭКСПО» қалашығында орналасатын кешенге әлемдік «Big Tech» компаниялар шоғырлануы мүмкін. Қазір алдын ала келіссөз жүріп жатыр. Жоба ағартушылық бағытта да жұмыс істейді. Соның аясында 1 млн қазақстандық білімін жетілдіріп, жоғары технология ісіне терең бойлай алады.

Авторы: Рауан Мыңбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz