Жеңіс күні қарсаңында алматылық оқушылар тарихи-театрландырылған конференция ұйымдастырды, деп хабарлайды 24KZ. Қаһармандардың рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған ерекше шарада оқушылар өнер мен ғылымның жеңіске жету жолындағы үлесін шебер үйлестірді. Ән айтып, өлең оқылып, ғылыми деректер де келтірілді. Іс-шараға соғыс ардагерлерінің ұрпақтары да қатысты.
Ең кішкентай қатысушылар – бастауыш сынып оқушылары бейбітшілік пен достықты әнге қосты. Ерекше шарада қару ұстап шайқасқан батырлар да, өнерімен демеген, ғылыми еңбегімен жеңіске үлес қосқан ерлер де ұмыт қалған жоқ. Атап айтқанда, Қаныш Сәтбаевтың соғыс кезінде марганец кенінің мол қорын анықтауы, жеңісті біртабан жақындатты. Қазақ жерінен табылған марганец танкі өндірісін қамтамасыз етті. Ал Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» поэмасы жауынгерлерге рух сыйлаған болатын.
Айгүл Қасымбек, Бостандық аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Мен ойлаймын, бүгінгі іс-шараға қатысқан балаларымыз еш уақытта жамандыққа бармайды. Өзінің елін, өзінің Отанын сүюге әрқашан дайын болатынына мен оған кәміл сенемін.
Әлия Сандықбаева, О. Жандосов атындағы №105 гимназия директоры:
- Мен бүкіл ұжым, ата-аналар, оқушылар мен мұғалімдер атынан соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне шексіз алғысымды білдіремін. Сіздер бізге бүгінгі бейбіт өмірді сыйладыңыздар. Балаларымыз әрқашан бейбітшілік пен келісімде өмір сүрсін, аспанымыз ашық болсын!
Оқушылар атом қаруының жойқын күші туралы да, адамдарды аман алып қалған ғылыми жаңалықтар жайында да айтып өтті. Мысалы, пенициллинді ойлап табу үлкен ғылыми серпіліс болды. Алғашқы антибиотик, майданда да, тылда да мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті.
Серікбай Құрманғалиев, соғыс ардагерінің ұрпағы:
- Соғыс ардегерінің баласымын. Сондықтан да маған өте ыстық. Ленинград блокадасында бомба жарылып, қарнында осколка қалады. 1944 жылы соғыстан келгеннен кейін 1945 жылы мен туылыппын. Менің 9 жасыма шейін әкем совхозда бригадир болып істеді. Мен 9 жасқа келгенде 1954 жылы әкем сол осколкадан өлді. Ары қарай мені анам тәрбиеледі.
Бейбітшіліктің символына айналған тырна бейнесі келушілерді ерекше әсерге бөлеп, көздеріне жас алды. Шара соңында балалар оригами тырналарды көрермендерге таратып берді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон
Тегтер #алматылық оқушылар #Жеңіс күні #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz