Оралда сәуір аяқталмаса да, жылыту маусымына дайындық басталып кетті, деп хабарлайды 24KZ. Биыл қалада 8 шақырым болатын №2 жылу магистралі жаңғыртылады. Бұл мақсатқа бюджеттен 9,9 млрд теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ 5 километрдей қалаішілік жылу құбыры ауыстырылады. Ал Орал жылу-қуат орталығындағы газ турбинасын жапондық Hitachi компаниясының мамандары жөндеп жатыр.
Орал қаласындағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 248 шақырымды құраса, соның 43 шақырымы – магистральды құбырлар. Тең жартысының тозығы жеткен желілерді жаңартуда жоспарланған жұмыстар жетерлік. Қазір №2 магистральды құбыр желісінде демонтаж жүріп жатыр. Құрылыс басында болған облыс әкімі жұмысты күзге дейін тәмамдауды тапсырды.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- 8 км деп айтуға болады. Ақшасы 9,9 млрд. Былтыр біз Үкімет резервінен тиісті қаражат сұрап алдық. Қазір түгелдей 8 км ауыстыруға қажетті 1000, 800 см диаметрдегі барлық трубалары келіп тұр. Былтыр ТМ-5 деген жылу магистральды аяқтадық. Жылу жүйесін биыл аяқтайтын болсақғ ТМ-6 қалады. Ол қысқа участок. Сонда қаладағы жер үстінде тұрған жылу магистралінің бәрін толық жабамыз.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі Президент тапсырмасын жүзеге асыруда Орал жылу-қуат орталығында атқарылған іс аз емес. Толық жаңарған №1 турбина санаулы күнде іске қосылады. Сонда қалаға қосымша 12 МВТ электр қуаты беріледі. Аталған агрегатты жөндеуге 2023 жылы бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінген еді. Кезекте №2 және №3 турбиналар тұр. Сонымен қатар 2006 жылы жапондықтар іске қосқан газотурбина да биыл жаңартылады.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Ол пар береді, ыстық су береді қала халқына және қосымша электр энергиясын өндіріп отырған турбинамыз. 2023 жылы Жапонияға барып, Hitachi зауыты басшыларымен 128 детальды зауытта жасауға келісімшартқа отырғанбыз. Олар соны жасап, 10-12 ай ішінде жасап бітірді. Қазір алып келді. Толықтай жаңа көргендеріңіздей монтаж жасап жатыр.
Сонымен қатар «Жайықжылуқуат» кәсіпорны өз қаражатына биыл қалада 5,5 шақырым жылу желісі мен бірнеше бу қазандығын жөндеуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов
Тегтер #жарнама #Орал #жылыту маусымы #жылу желісі #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz