Маңғыстау облысының прокуратурасы «Тәрбиелі ұрпақ – қауіпсіз қоғам» атты кең көлемді акция өткізді. Танымдық шара өңірде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Қадағалаушы орган қызметкерлері бір мезгілде аймақтың барлық білім беру ұйымдарына барып, 2 мың студент және 60 мыңнан астам оқушымен еркін сұхбат құрды. Ауқымды акция аясында жеткіншектер, музыкалық-драма театр әртістері сахналаған «Жолайырық» қойылымын тамашалады.
«Жолайрық» қойылымы есірткі тасымалымен айналысқаны үшін сотталған жеткіншектің тағдырын бейнелейді. Балалардың қылмысқа баруының алдын алуға бағытталған психологиялық драма көрерменге зор әсер қалдырды. Мазмұны терең сахналық қойылымды оқушылардың ата-аналары да көрді.
Сабина Сәбитова, оқушы:
- Есірткі жайлы және де басқа да қылмыстар туралы ойы, сонымен қоса оның қандай нашар жолға әкелетіндігі жайлы ақпараттар дамиды. Болашақта баланың ондай қадамға бармауына әсер етеді деп ойлаймын. Сол себепті бұл қойылымның ой түртер, сонымен қоса балаға жақсы әсер қалдыратынына үміттенемін.
Шаттық Бегейбаева, қала тұрғыны:
- Егер ата-ана мен бала арасында байланыс өте жақсы болса, берілген тәрбие жақсы болса, онда жасөспірімдер арасындағы қылмыс та азаяды деген ойдамын.
Қойылым аяқталған соң прокурорлар жеткіншектермен еркін пікір алмасып, оқуда озат әрі үлгілі тәртібімен көзге түскен біп топ балаға облыс прокурорының «Алғыс» хатын тапсырды. Ауқымды акция «Прокурор тәрбиесі» жобасының бір бөлігі ғана. Іс-шара кәмелетке толмағандарға қолданыстағы заңнаны сақтау маңыздылығын түсіндіруді көздейді.
Айдос Майлыбаев, Маңғыстау облысының прокуроры:
- Мақсатымыз – балаларды тәртіпке үйрету. Құқықтық мәдениетті арттыру және қажет болған жағдайда кімнен көмек сұрауға болатынын нақты білуі. Жалпы бұл жұмыс жоба аясында жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Оң нәтижелері бар. Биыл балалармен жаслаған қылмыстар саны 30%-ке азайды. Сонымен қатар есепте тұрған 400-ге жуық баланы қамқоршылыққа алып, әрқайсына жеке жауапты прокурорды бекіттік.
2024 жылы Маңғыстау облысында перзенті құқықбұзушылыққа бой алдырған 5 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Қадағалаушы орган мәліметінше, профилактикалық есепте тұрған балалардың әрқайсымен жеке жұмыс жүргізіледі.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #жарнама #Заң мен тәртіп #прокурорлар #Маңғыстау облысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz