RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да Жалпақтал су қоймасының құрылысы басталады

26.04.2025, 07:28 345

«Биыл Батыс Қазақстан облысында су тапшылығы болуы мүмкін», - дейді мамандар.

Өйткені Казталов пен Жаңақала аудандарындағы өзендерге су аз келген. Мысалға Қараөзенге түскен тіршілік нәрі былтырғымен салыстырғанда 11 есе аз.  Ал Сарыөзенге мүлде су жетпеген. Ал сусыз ауыл жұрты мал азығын дайындай алмаймыз деп алаңдайды. Қаптаған киік мәселесі тағы бар.

Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарында және Казталов ауданының 4 ауылында былтыр төтенше жағдай жарияланды. Қазынадан қаржы қаралып, аналық малға субсидия берілді. Биыл да жағдай қайталануы мүмкін. Өйткені киік саны жыл санап еселене көбейіп келеді.

Дәулеткерей Нұрсапин, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Бір-екі аптада жаңбыр жаумайтын болса, қуаңшылық басталатын секілді. Қазір табыс  көзі – мал. Малдан айрылғанда не боламыз. Киік мәселесі өте күрделі болып тұр. Қала берді жайылым қалмай қалды айналада.

Былтыр қырда   шөптің шығымы нашар болғанымен, Қараөзен мен Сарыөзенмен жақсы су келді. 55 мың гектардай көлтабанға су шықты. Соның арқасында мал азығын дайындауда Жаңақала, Казталов аудандарында  қиындық бола қойған жоқ. Ал биыл Сарыөзенге мүлде су түспесе, Қараөзенмен тіршілік нәрі 11 есе аз келіпті. Былтыр 476 миллион текше метр су келсе, биыл 42 млн текшеметр ғана.

Асыланбек Сарқұлов, Казталов ауданының әкімі:

- Мәселе бар қөлдіктерге су шығаруда. Мал азығына байланысты ғой мәселе. Сондықтан қазір екпе шөп егу мәселесі және осы көлдіктерге су шығару қолдан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сарыөзен бойынша тек қана техникалық құрылғылар арқылы шығарып жатырмыз. 

Су ресурстарын тиімді басқаруда Қараөзен бойына су қоймасын салу мәселесі соңғы он жыл бойы көтеріліп келеді. Қазір жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, министрлікке жіберілген.   Егер Жалпақтал ауылына сыйымдылығы 28 миллион текше метрлік қойма салынса, көктемгі мол суды бөгеп, керегінше реттеп отыруға мүмкіндік болмақ.

Рауан Құсайынов, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры:

- Қазіргі уақытта министрлікке тапсырылып, ислам даму банкінен алынатын займ жоспарына қосылған болатын. Қазіргі уақытта конкурстық процедуралар күтілуде. Жалпақтал ауылы маңайына жер бөгеті салынатын болады. Сосын ішіне Қараөзен арнасына орналасқан жер бөгеттерінің барлығына гидротехникалық имараттар салынып, судың жүруі реттелетін болады. Одан бөлек келген суды тиімді қолдану, реттеліп төменге жіберіліп тұрады. Содан басқа Сакрыл су қоймасына канал салынады. Қараөзеннен канал тартылады. Тасқын кезінде Сакрылға су жіберіліп тұрады.

Сонымен қатар Сарыөзен бойына да сыйымдылығы 18 млн текше метр болатын Сексенбай су қоймасын салу көзделген. Мамандар қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын екенін, енді жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын айтады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz