15 күннен кейін қазақ атбегілері Балқашта кездеседі.
10 мамыр күні елде Халықаралық Ұлы дала жорығы басталады. Биылғы дала дүбірі Алматы – Өскемен тасжолындағы Бақанас көпірінен бастау алып, Қонаев қаласында аяқталады. Жорыққа қазақ атбегілерінен бөлек көрші мемлекеттердің де азаматтары ат қосқалы отыр. Былтыр көшпенділер ойындары аясында өткен бәсекеде Қабардин-Балқар командасы жеңіске жетті. Биыл қазақ атбегілері кеткен есенің орнын толтыра ала ма?
Алматылық Қуат Үсенов Ұлы дала жорығы басталғалы облыстан құрама жасақтап, ұзақ шақырымдық бәйгеге ат қосып келеді. Былтыр күзге салым көшпенділер ойындары қарсаңында өткен жорықта Қабардин-Балқардың қыздарына есесі кеткені болмаса, жасақтаған жігіттері мен жараулы жүйріктері тың келді. Енді сол жігіттер күміс қолда, алтын жолда деп ат басын Бақанасқа бұрып отыр.
Руслан Төкенұлы, шабандоз:
- Иә, 3 жыл бұрын басталған Ұлы дала жорығының ауқымы кеңейіп, ел ішінде тіпті көрші мемлекеттер арасында кеңінен қолдау тауып келеді. Атбегілердің айтуынша дала дүбірінің нәтижесінде талай жас атқа қонып, ұмыт болған жылқы тұқымдарының атауы қайта жаңғырды.
Қуат Үсенов, Алматы облысы командасының жетекшісі:
- Жорыққа қатысатын азаматтың жасы 18-ден, қазанаттың жасы 6-дан кем болмауы керек. Бұл ұйымдастырушылар қойып отырған негізгі талап. Иә, 18 жас түсінікті, ал 6 жас бұл – аттардың шектен тыс қажымауы, зорықпауы үшін қолданылатын ереже. Алтай мен Атырауды тоғыстыратын бұндай бәйгелер ертеректе де болған.
Ержан Жаубай, Аrgymaq.kz сайтының бас редакторы:
- Тіпті кешегі Кеңес үкіметі кезіңде біз әйгілі Абсентты сыйға берген Арабтың өзі алыс қашықтық марафонда келген жылқы болатын. Ашхабадтан Мәскеуге дейін аралықта атпен жүріп өткен кезде 7-8 ғана жылқы барған. Соның бірі Араб болатын.
«Ұлы дала жорығы» марафонының ұзақтығы бес күн. Жорық барысында шабандоздар Балқаш, Жамбыл, Іле аудандарының бірнеше ауылдарын кесіп, 500 шақырымды жүріп өтеді. Сондай-ақ марафон аясында асыл тұқымды жылқылар мен қолөнер көрмесі ұйымдастырылады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Балқаш #Ұлы дала жорығы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz