Ақтауда ел Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының көшпелі жиыны өтті.
Ғалымдар бас қосқан алқалы кездесуде тұрғын үй шаруашылығы, көлік-логистика, энергетика саласын дамытуда отандық ғылымның маңыздылығы және өңірлік ғылымның әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Маңғыстауда қордаланған мәселе аз емес. Мемлекет басшысы жұмыс сапарында өңір әлеуетін арттыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Облыс экономикасын көтеруде өңірлік ғылымды қаржыландыру арқылы серпіліс беру керектігін баса айтты. Аймақ бюджеті мұнайға тәуелділіктен арылуы үшін туризмді дамытып, сирек кездесетін металдарды игеруге күш салу керек. Ғалымдар бас қосқан жиында қандай бағытта кешенді зерттеу жүргізу қажеттігі талқыланды.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Әлі жарыққа шықпай жатқан мәселелер бар, оны кеше Мемлекет басшысы қолдады. Мысалы айтатын болсақ, Маңғыстауда қайтадан геология жұмыстарын өткізу. Себебі біздер қазіргі заманда әлем дамып жатқан кезде мұнай мен газға ауызымызды ашып отыратын кезеңнен кетіп бара жатырмыз. Өздеріңізбен бірге зерттеу жұмыстарын бастасақ.
Ел Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясы бұған дейін барлық аймақта форсайт сессия өткізген. Маңғыстауға қатысты көшпелі жиында ауызсу тапшылығы, экологияны жақсарту секілді 7 маңызды стратегиялық бағыт белгіленді. Түйткілді мәселелерді шешу жолдарын енді жергілікті ғалымдар академия ұжымы және шетелдік мамандармен бірлесе зерттейді. Ғылыми зерттеулерге қаржыны облыс әкімдігі бөледі деп жоспарланған.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті:
- Әкімдіктердің өздері соларға трансферлерден ақша беріп, ғылымға қаржы беретін болады. Бұл - маңызды шешім. Екінші әрбір әкімдіктің қасында арнайы кеңес құрылады. «Ғылым және технология» кеңесі. Ол кеңес бүкіл өңірдегі ғылым мен білімнің жүйесін басқарып отыратын болады.
Көлік логистикасын қалыптастыруда да отандық ғылымның маңызы зор. Сала министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Маңғыстауда 24 жоба қолға алынды. Жол құрылысының сапасын арттыру, Каспийдің тайыздануы теңіз порттарына кері әсер етуі ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Көшпелі отырыс қорытындысында сараптамалық жазба дайындалды. Сондай-ақ өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі бірлескен жұмыс жоспары бекітілді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #президент #ғылым #Ақтау #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz