RU
Толық нұсқаға өту

Шығыс Қазақстандағы ескі зауытта жаңа өндіріс орны ашылды

27.04.2025, 09:24 550

Шығыс Қазақстанда жаңбырлатып суғару машиналары құрастырылады.

Жаңа нысан Серебрянск қаласындағы бұрынғы бейор­гани­калық өндіріс зауытының аумағында іске қосылды. Алдағы уақытта өзге де инвесторларды тарту жоспарланып отыр. Серебрянск қаласындағы бейор­гани­калық өндіріс зауытының тарихы 1969 жылдан басталады. Мұнда тыныс алу жолдарын қорғауға арналған өндірістік фильтр мен тұрмыстық пластмасса өнімдері шығарылатын. Бірақ 90-шы жылдардағы тоқырауда тоқтап тынды. Сергей Рубцов өндіріс орнында талай жыл еңбек етті. Кәсіпорынның кейінгі жағдайына қатты алаңдады. 

Сергей Рубцов, Серебрянск қаласының тұрғыны:

- Бұрынғы зауыттың жабыуы бүкіл тұрғындарға ауыр тиді. Себебі қаншама отбасы осы жерде еңбек етті. Қаланың тірлігі осы кешенге тәуелді десек болады. Өндіріс жабылғанда халық саны күрт азайды. 16 мың тұрғын болған. Ал қазір 6,5 мыңнан әрең асады.

Жақында зауыт «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының  сенімгерлік басқаруына өтті. Инвестор табылып, қаңырап тұрған нысан қайта кәдеге жарады. Мұнда жаңбырлатып суғару машиналары құрастырыла бастады.

Рүстем Кенжерахманов, зауыт директорының орынбасары:

- Тоғы болды, жылу тарттық. «Котельный» жанымызда тұр,суы бар барлық инфрақұрылым істеп тұр. Толық қамтамасыз етілген соң ыңғайлы. Бізге көмек көрсетілгенде осы жерден ашуды жөн көрдік.

«Автоматтандырылған кәсіпорында жылына мың машина шығарылады. Әзірге 20-дан аса адам еңбек етеді. Толық қуатқа көшкен соң жүздеген жұмысшы қажет болады», - дейді зауыт басшылығы.

Даниил Колодко, жұмысшы:

- Қаланың екінші тынысы ашылғандай болды. Жастардың жұмыс іздеп, басқа қалаларға кетіп жатқанын көріп жүрдім. Енді осындай кәсіпорындардың арқасында жағдай айтарлықтай тұрақталады деген ойдамын.

Жаңбырлатып суғару машиналарының өндірісі бұрынғы зауыттың әзірге бір бөлімінде ашылған кәсіп. Бос тұрған цехтар әлі жетерлік. Демек, Серебрянск  сан түрлі бағыттағы өндірісті дамытуға қолайлы қалаға айналады деген сөз.

Инабат Қайса, «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Сыртқы коммуникация менеджері:

- Бір ғана өндірісті жандандыру арқылы сол кілең бір өңірге елді мекенге жаңа тыныс,жаңа серпін беруге болады. Жұмыс орны болғаннан кейін әрине ол жерде адам да тұрақтайды. Басқа да осындай ғимараттарды егер біз нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен бағамен жалға беруге болады дегендей, сондықтан бұл жұмыс тоқтамақ емес әлі де жалғасын табады.

Тиімді ұсыныстарға селт еткен инвесторлар бар. Қазір темір құбырларды шығару, қатты қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жобалар жан-жақты қарастырылып жатыр. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz