RU
Толық нұсқаға өту

Қарағандыда көпке үлгі көпұлтты отбасы тұрады

27.04.2025, 13:29 744

Қарағандылық ерлі-зайыпты Максим мен Мөлдірдің отбасын жұртшылық әлеуметтік желі арқылы таниды.

Олар  күнделікті тұрмысын түсіріп,  жеке блокта жариялап отырады. Бүгінде олардың мыңдаған оқырманы бар. Ерлі-зайыпты екі ұлттың өкілі болғанымен қазақ пен орыс халқының салт-дәстүрін қатар ұстанады. Максим мен Мөлдір Ұлытау облысының Жәйрем кентінде дүниеге келген. Екеуі  бір сыныпта оқыпты.  Максим ауылда қазақтың тілінде сөйлеп, салт-дәстүрін құрметтеп өскен. Болашақ жарын қазақ қыздарының арасынан тапқан.   Қалаға студент болып келген соң  Мөлдірмен көңілі жарасып отбасын құрыпты.

Максим Ентальцев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Ең бастысы осы ауылдан шыққаным. Олай  болмаса бәлкім басқаша болар ма еді? Ауылда өскеніме өкінбеймін. Тұрып жатқан жердің, елдің тілін білу әр азаматтың міндеті деп білемін. Енді қазақтың тілі деген бай тіл. Бір сөзінің өзі неше түрлі мағынада келеді.

Максим қазақтың  ұлттық тағамдарын шебер дайындайды. Жұмыстан соң  үй шаруашылығына көмектеседі.  Ерлі-зайыптының 4 ұлы бар. Үлкені 11-ге келеді. Ортаншысы 7-де.  Егізге жүкті кезінде Мөлдір  әлеуметтік желіде жеке блогын ашқан. Содан бері отбасының күнделікті тұрмыс-тіршілігі туралы жазба жариялап тұрады.

Мөлдір Ентальцева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Максимнің қазақша сөйлегенін көпшілігі ұнатады. Кейде кадрға шығады, сол кезде қаралым саны көп болады. «Ой, сенің күйеуің қазақша сөйлейді ма?» деп. Содан кейін Максимге айттым, видео түсіріп көрейінші деп. Бір видео салып едім, қаралым саны күрт көбейді. Негізі Максимнің жақсы қасиеттері көп, жақсы әке.

Қазір отбасының жеке блогында 30 мыңдай оқырман бар. Олардан үлгілі отбасыға деген ыстық ықыласқа толы хат өте көп келеді.

Максим Ентальцев, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Үйдегі тәрбиеден шығар енді. Біздің үйде ұлтқа бөліну деген жоқ. Мөлдірдің ата-анасы тарапынан да ондай мәселе жоқ. Енді өзіміз қалай өмір сүреміз, солай блогқа видеоларды түсіреміз. Шынайы сезіммен, шынайы түсіреміз.

Айдана Пернебай, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Қазақтың салт-дәстүрін көбісі білмейді, оның ішінде қазақтар да бар. Ал Максим біледі. Осы жағынан ерекшеленеді. Парақшаларына жазылдым ұнайды. 4 баласы бар. Күнделікті өмірін түсіреді. Балаларын тәтті еркелетіп жатқанын, бәрін түсіреді. Сондықтан мен олардың парақшаларынан көп дүние үйренуге болады деп ойлаймын.

«Былтыр Қарағанды облысында 7500-ден астам  неке қиылған. Соның 2400-ге жуығы түрлі ұлт өкілінен құралған отбасылар. Бақытты өмір сүру  ұлтқа қарамайды, ол отбасындағы өзара сыйластыққа байланысты» ,- дейді Мөлдір мен Максим.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz