RU
Толық нұсқаға өту

Ордабасы ауданында жүйрік баптап, көкпар шабатын бойжеткен тұрады

27.04.2025, 18:18 539

Асауды ауыздықтаған ару. Түркістан облысының Ордабасы ауданында желмен жарысқан жүйрік баптап, көкпар шабатын бойжеткен тұрады, деп хабарлайды 24kz.

Жылқыны жанына серік еткен бұрымды бұрынғы өткен батыр аналардың ізбасары іспетті. Қыз баласы демесеңіз, Наргиз Қият ептілігі жағынан ер азаматтардан кем түспейді. Спорттың бірнеше түрін меңгерген.

«Егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалмаса да» ердің ісін еңсеріп, ер қанатының үстінде еркін самғаған бойжеткеннің әрекетіне еріксіз тамсанасыз. Ауыздығымен алысқан арғымақты ұршықша иіріп, дегеніне көндірген талдырмаш қыздың қайсарлығы тәнті етті. Сұлу жануардың сырын ұғып, тұлпар тақымдаған Наргиздің де көркіне көз тоймайды. Бір қарағанда, болмысы нәзік бойжеткен атқа мінгенде нағыз көшпенді қазаққа айналады.

Наргиз Қият, атбегі:

- Аттың үстінде адамның рухы басқаша болады. Патриоттық сезім оянады. Кеудеңде мықтылығың одан сайын күшейе түседі. Ол сезімді тек мінген адам ғана түсінеді, былай айтып жеткізгенмен түсіне бермейді көп адам. Жаңағы айтқандай, рухың оянады, өзіңнің қазақ екеніңе мақтанасың. Басқа ұлттарда да бар шығар енді, бірақ қазақ халқымен қатты үйлеседі деп ойлаймын жылқы жануары.

Наргиз атқа мінуді 5 жыл бұрын үйреніпті. Алғашында жүрексінгенімен, бойындағы бұла күш намысын жаныған. Тақымындағы Қаратауды тай кезінен өзі баптаған. Қазір аудандық көкпаршылар клубының мүшесі. Ұлттық ойынның қыр-сырын әбден меңгерген. Қасындағы серіктері де қайсар қыздың қабілетіне таңданысын жасырмайды. 

Бағдат Кәрібай, көкпаршы:

- Наргиздің Қаратау жалғыз аты бар өзі жақсы көретін. Келгенде бірінші соған барады. Атта өзі сезеді негізі, басқа қыздар мінсе, тыпыршып кетеді. Ал Наргизді мойындап тұрады. Наргиз сияқты қыздар сирек Қазақстанда, екінің бірінің қолынан келмейді ондай. Жігіттердің де арасында бар Наргиз сияқты атқа міне алмайды, Мықтыны мықты деу керек. Намысшыл, аттан қорыққанын көрген жоқпын.

«Мал иесіне тартады», - дейді қазақ. Наргиздің Қаратауы анау-мынау адамға бас бермейтін асау тұлпар. Жылқы жақсы көргенді сезетін есті жануар болғанымен, өзінен қорықпайтын адамға ғана бағынатынын айтады.

Наргиз Қият, атбегі:

- Мен осы Қаратауды көкпарға дайындаймын. Осыны ерттеймін. Басқа адамдарды тыңдай бермейді. Өзімді тыңдайды, бұл басы қатты аттардың тобына жатады. Біраз жыл күреспен айналысқанымның пайдасы шығар, басын тоқтату қатты қиынға соқпайды. Кез келген қыз тұрмысқа шығады ғой, тұрмысқа шығып жатқан күннің өзінде бұйыртса, ат баптап, ат шаптырмасам ба деген ниетім бар.

Өзі атап өткендей, бұрымды бойжеткен 9 жыл күреспен айналысқан. Бозкілемде атой салып, қарсылас шақ келтірмегені тағы бар. Қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Бүгінде адырна тартып, нысана көздеуге машықтанып жүр.

Арғымақ мініп, асауды ауыздықтаған арудың алдағы күндері ат үстінде отырып, нысана көздейтін қол мерген атанар күні де алыс емес.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz