RU
Толық нұсқаға өту

Ұлытау облысына қарасты Ақтай ауылына ауызсу құбыры тартылды

28.04.2025, 08:55 484

Ұлытау облысындағы Ақтай елдімекеніне ауызсу құбыры тартылды.  

Жоба «Ақбұлақ» және «Қуатты өңірлер –ел дамуының драйвері»  мемлекеттік бағдарламалары аясында жүзеге асты. Біраз жылдан бері тіршілік нәрінен таршылық көрген ауыл жұртының мәселесі шешімін тапты.  

Ақтай елдімекені Қаражал қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті халық жеке ауыл санағанымен,  құжат түрінде қаланың құрамына кіреді.  60 жыл бойы ауызсудан тарыққан тұрғындардың мәселесі мемлекеттік бағдарлама аясында шешімін тапты. Бұған дейін ауылдағы ағайын ауызсуды құдықтан тасып ішкен.

Абай Төлегенов, Ақтай шағын ауданының тұрғыны:

- Қаншама жылдан бері ауызсу тапшылығын көріп келген халық едік. Сол түс көргендей биыл, былтырғы желтоқсан айынан бастап іске қосылып, қазір халықтың қуанышында шек жоқ. Үйде тұщы су ағып тұр. Инфрақұрылымдағы кір мәшине тағы басқа заттардың бәріне су тегін беріліп тұр. Счетщиктері қойылды.

Ауылға тартылған  магистральдық су құбырының ұзындығы шамамен 23 шақырым. Бұдан бөлек екі сорғы станциясы мен жалпы көлемі 200 текше метр болатын бірнеше резервуар салынды. Жоба құны 500 млн теңгеден асады.  Сорғылар мен ұңғыманың жұмысы толықтай автоматтандырылған.

Светлана Милиус, Қаражал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

 - Жерасты суы болған соң сапасы өте жақсы. Көше боймен жүргізілген орталық желіден әр үй өзіне жеке құбыр тартып алды. Әлеуметтік осал топқа жататын және көпбалалы 25 отбасыға бұл жұмыс мердігерлер есебінен тегін жүргізілді.

Облыста 72 ауылдық елдімекен бар. Оның басым бөлігі орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Қалғанына суды тазартатын кешенді модуль орнатылған. Биыл тағы Жаңаарқа ауданына қарасты 4 елдімекенге жаңадан су құбыры тартылады. Нәтижесінде  ауылдық жерлерді сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші  99 %-ға жетеді. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz