Екінші дүниежүзілік соғыста опат болған екі қазақстандық жауынгердің сүйегі туған жерге жеткізіліп, Астанадағы әскери-тарихи музейде тума-туыстарына табысталды, деп хабарлайды 24KZ. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында сарбаздардың сүйегін елге жеткізуге «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі мен Қорғаныс министрлігі атсалысқан.
Соғыстан кейін 80 жыл өтсе де, туған жердің топырағы бұйырған жауынгердің бірі – Оразғали Белубаев. Оның сүйегін «Находка» жасағының мүшелері Ресейдің Новгород облысының Соболево ауылы маңында тапты. Жауынгердің жанында белдігі мен бәкісі және солдат медальоны болған. Сол медальонды зерттеу кезінде Оразғали Белубаевтың 1907 жылы дүниеге келгені, Қазақ КСР Семей облысы, Өрнек колхозынан майданға аттанғаны мәлім болды.
Мадина Сұлтанбекова, майдангердің туысы:
- Менің атам өзі төрт ағайынды адам. Соның кенже інісі болып келеді бұл кісі. Хабарсыз кеткен ғой. Мүрдесі табылғанына әрі қуаныштымыз, әрі сол жүректің түкпірінде бір сезім жатады екен. «Шіркін бейбіт өмір болса, бұл кісі де өзінің топырағында, өз жерінде ұрпағын өсіріп, елге қызметін жасап жүрер еді» деген. Әрбір затын тапқанда, бәкісін тапты, медальонын тапты. Медальонның ішінде метркесі табылған екен. Метркенің ішінде барлық жазулар. Сонда табылғанын бізге хабарлап отырды.
Рахима Шайболатова, майдангердің туысы:
- Сондай қуанышты сезімде болдық, бір жағынан енді қобалжып та, енді жылағымыз да келеді, қуанамыз да ағайын, сондай сезімде болдық, айтып жеткізе алмайсың енді бұл сезімді. Ағамыздың енді өзі келмесе де, сүйегі келіпті туған жеріне, сүйегі туған жеріне оралып, туған жердің топырағы бұйырып тұр.
Ал екінші сарбаз – 8-ші авиациялық полктің бортрадисі Петр Оконечников. Жауынгердің сүйегін Аляска-Сібір әуе жолын зерттеу экспедициясы барысында Орыс географиялық қоғамы мен РФ Қорғаныс министрлігінің өкілдері тапқан. Ол мінген Дуглас С-47 ұшағы 1943 жылы Эгвекинот елді мекенінен 70 шақырым жерде апатқа ұшыраған екен.
Игорь Оконечников, майдангердің туысы:
- Табылған Дуглас С-47 ұшағының сырты алюминийден болған. Соның қалдықтарынан осындай медальондар жасап, соғыста осы ұшақта қаза болған жауынгерлердің туыстарына табыстады. Петр Оконечниковтің қалтасынан ұшу картасы мен қазақ тілінде толтырылған комсомол билеті шыққан. Осы құжаттарға қарап, жауынгердің біздің ағамыз екені анықталды. Ол 1942 жылы 18 жасында майданға аттанып, әскери-ұшқыштар курсына түскен. Содан соғыс кезінде ұшақ апатқа ұшырап, қаза тапқан.
Жауынгерлердің денесі Қазақстанның Қарулы Күштерінің ұшағымен елге жеткізілді. Бұл жұмыстарға «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі де белсенді атсалысқан.
Марат Нұғыманов, ҚР «Қарулы Күштерінің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, генерал-майор:
- Біздің қоғам «Атамның аманаты» бірлесіп, орыстардың «поисковиктерімен». «Поисковое движение России» деген бәлен жылдан бері істеп келе жатыр. 2019 жылдан бастап «Атамның аманаты» солармен меморандумда отыр. Сол бүгінгі әкелген екі ата-бабамыздың сүйектері 20-21-ші. Біреуі қазақ Белубаев Оразғали деген Семейдің азаматы. Екіншісі сержант Оконечников Шығыс Қазақстан, Өскемен, Зырянь ауданынан.
Еске сала кетейік, осы уақытқа дейін 19 қазақстандық майдангердің сүйегі туған жеріне жеткізіліп, әскери құрметпен жерленген. Жалпы Екінші дүниежүзілік соғыста 271 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткен.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Артур Горшняков
Тегтер #Екінші дүниежүзілік соғыс #Жеңіс күні #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz