Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан салынған бөгет жарылып, Большая Малышка ауылына қауіп төнді, деп хабарлайды 24KZ. Жергілікті тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Ал әскерилер, құтқарушылар мен түрлі мекеме жұмысшылары қапшыққа құм дайындап, топырақ үйіндісін қалпына келтіріп жатыр.
Биыл салынған бөгет түнде екі жерден жарылып, Есілдің арнасы ауылға қарай жайылды. Бірақ үйлерге жеткен жоқ. Дегенмен құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, алдын алу жұмыстарын бастап кетті.
Қазір бұл жерде төтенше жағдайлар қызметі, Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар қап-қап құм тасып, бөгеттің жарылған жерлерін жабу үстінде.
Большая Малышка ауылында 200-ге жуық үй бар. Бірақ кейбір тұрғындар көшуден бас тартты. Константин Хвастуновтың айтуынша, Есіл өзені былтырғыдай тасымауы мүмкін. Сондықтан ауылдан кеткісі жоқ. Отын жарып, қыстың қамын жасап жатыр.
Константин Хвастунов, Большая Малышка ауылының тұрғыны:
- Мүлдем уайымдап жатқанымыз жоқ. Су менің үйіме дейін жетпейді. Біз Сергеев су қоймасына қарап отырмыз. Бөгет үстімен ағып жатқан судың деңгейі 4 метрден аспады. Сондықтан алаңдайтындай жағдай емес.
Елді мекенде жедел әерекет ету штабы құрылған. Ал полиция көшелерді күзетіп жүр. Бөгетті қалпына келтіруге Ұлттық ұланның 100-ден аса сарбазы көмекке келді. Олармен бірге жергілікті тұрғындар да атсалысып жатыр.
Евгений Журавлёв, ТЖД баспасөз хатшысы:
- Қазір бөгеттің бұзылған бір орны қалпына келтірілді. Енді екіншісі қалды. Тұрғындар көшірілді. Олар Петропавлдағы жатақханаға жайғастырылды.
Қазір 6 елді мекенде бөгет нығайтылып жатыр. Бұл жұмыстарға мың жарым адам мен 160 арнайы техника тартылған. Петропавлда Есіл өзені шарықтау шегіне жетіп, бір деңгейде тұр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов
Тегтер #СҚО #су тасқыны #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz