RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде енді мектеп асханалары ескертусіз тексеріледі

28.04.2025, 19:30 488

Елімізде енді мектеп асханалары ескертусіз тексеріледі. Денсаулық сақтау министрлігі білім ошақтарында мемлекеттік бақылау тәсілдерін өзгертудің жаңа тетіктерін қарастырып жатыр. Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улануынан соң жауапты ведомство тамақтануды ұйымдастыруға қатысты талаптарды күшейтуді қолға алды. Жаңа жүйенің өзгешелігі қандай болмақ? Өзгеріс қашан күшіне енеді?

Бейнеудегі 11 оқушының жаппай улануы мемлекеттік бақылау тәсілдерін өзгертудің қажеттілігін көрсетіп бергендей. Денсаулық сақтау министрлігі енді тамақтануды ұйымдастыру ісінде қатаң талаптарды енгізуді жоспарлап отыр. Оның алғашқысы: енді мектеп асханаларына тексеріс туралы алдын ала ескертілмейді. Министрліктің мәлімдеуінше, қазіргі қолданыстағы заңнама нормасы бойынша бұл мүмкін болмаған. Ұсынылатын ерекше бақылау тәртібі бүгінде Мәжілістің қарауында. Құжат мақұлданса, келергі оқу жылында күшіне енеді.

Бақыт Бекбергенова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:

- Ұсынылатын ерекше бақылау тәртібі нені көздейді. Мектептерде асхана, медпункт, спортзал қызметін көрсететін барлық қызметтерді бір мезгілде тексеруді. Ақпарат ретінде айта кетейін, осы қызметтер қазіргі таңда жеке кәсіпкерлермен көрсетіледі. Осыларға қатысты барлық субъектілерді бір мезгілде тексеру тетігі қарастырылып жатыр және бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жоспардан тыс тексерудің дәлелді факторлар фотосурет, бейнематериалдар масс-медиада орналастырылған фактілер бойынша да жаңадан негіз көзделген.

Қазіргі күні мектеп асханасы төңірегінде дау азаймай тұр. Бұл мәселеге мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова да алаңдаушылық білдіріп депутаттық сауал жолдағаны белгілі. Халық қалаулысының сөзінше, оқу ордасында тамақтанатын оқушының бірыңғай мәзірі арнайы стандартпен әзірленуі керек. «Оның құрама, құндылығы баланың өсіп дамуына кері әсері болмау қажет», – дейді төменгі палата өкілі.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жауапкершілік мектепте болуы керек. Бізде жауапкершілік қазір бизнесте. Ал бизнес олар тек пайда табуды көздейді. Менің ойымша, қазіргі күні мектепте «шеф-повар» мектептің штатындағы адам болуы керек және ол жерде тәртіп қатаң болуы керек. Мұны екі министрлікпен бірлесе отырып қарастыру керек деп санаймын. Өйткені мектепке бара қалсақ, жаңағы жекеменшік компания өте көп тендер алады. Бірақ аспазға беретіні тиын-тебен. Аспазшының жұмысы кәдімгідей қиын.

2023 жылдан бастап елімізде бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы балалар үшін тегін ыстық тамақпен қамту жүйесі енгізілді. Онымен қоса мектеп асханаларындағы қызмет сапасын арттыру үшін заңнамалық талаптар айтарлықтай күшейтілді. Атап айтқанда, тамақтануға құқылы оқушылардың есебі әлеуметтік әмиян жүйесі арқылы автоматтандырылды, қоғамдық бақылау тетіктері кеңейтілді. Бас мұғалімнің сөзінше, жеке мектептердің 25 мың оқушысын тегін тамақпен қамту жоспарланған. Бұл бағытқа мемлекеттен қосымша 12 миллиард теңге қарастырылыпты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz