«Отбасы банк» өз салымшыларына жылжымайтын мүлік жәрмеңкесін өткізді. Астанадағы шара «Наурыз» бағдарламасының қатысушыларына арналды. Елдегі ірі 20-ға жуық құрылыс компаниялары келушілерге қолжетімді санаттар бойынша тұрғын үй кешендерін ұсынды.
Нұрсұлтан Нұрғожин Астананың Сарыарқа ауданынан екі немесе үш бөлмелі баспана алуға ниетті. Отбасы банкінде жинаған 5-6 млн теңгедей депозиті бар. Бұл қаржысы сатып алғысы келетін пәтер құнының шамамен 20%-не тең. Жоспары сәтті жүзеге асып, арманындағы үйіне қол жеткізсе, «биылдан қалмай үйленемін», – дейді кейіпкеріміз.
Нұрсұлтан Нұрғожин, қала тұрғыны:
- Шақыру бойынша келіп, алдын ала растама алдым 26 млн теңгеге. Енді өзіме тиімді, ыңғайлы квартира қараймыз. «Отбасы банк» Қазақстандағы ең тиімді банктердің бірі деп есептеймін.
Жәрмеңкеге келушілер ипотекалық несиелендіру бойынша кеңес алып, құрылыс компаниялары ұсынған түрлі нысандардың ішінен таңдау жасады. Ұнатқан тұрғын үй кешенін банк қызметкерлерінің көмегімен «Баспана маркет» порталында брондау құқығын пайдаланды. Сондай-ақ банк мамандары несие төлемін есептеп, заемға алдын ала мақұлдау құжаттарын алуға көмектесті.
Жанар Ізімбетова, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:
- «Наурыз» жұмыскерлерге тиімді бағдарлама деп санаймыз. Өйткені бастапқы жарна 10%-тен басталады. Астана және Алматы қаласында несиенің сомасы 36 млн, басқа облыстарда 30 млн.
Биыл «Наурыз» бағдарламасына қатысуға өтінім берген шамамен 35 мың азаматтың ішінен 12 мыңы іріктелді. Олардың 4577-сі – тұрғын үй кезегінде тұрғандар. Шамамен әрбір алтыншы қатысушы – әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі – 35 жасқа дейінгі жастар, 7112 адам. Айта кеткен жөн, былтыр «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларының көмегімен 10 мыңнан астам жанұя қоныс тойын атап өтті.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов, Дмитрий Николаев
Тегтер #жарнама #Отбасы банк #елорда #24KZ #тұрғын үй #ипотекаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz