RU
Толық нұсқаға өту

Комаров алтын кені орнында су тазартатын қондырғы іске қосылады

28.04.2025, 21:30 488

Қостанай облысындағы Комаров алтын кені орнында кеніштен шығатын жерасты суын тазартатын қондырғы іске қосылады. Онда судың сапасын бақылайтын автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді. Қазба орнынан көтерілетін шаң-тозаңды ауаға таратпау маңызды. Жалпы Комаров алтын кені орнында қоршаған ортаны қорғау бағытында кешенді шаралар іске асып жатыр.

Мынау жаңадан салынған су тазартқыш нысан. Үш сүзгіден тұратын қондырғы кеніштен шығарылған лай суды тазартып, іргесіндегі Шөптікөл айдынына ағызып жібереді. 

Антон Кувалдин, «Комаров тау-кен кәсіпорыны» ЖШС кеніш басшысы:

- Орташа есеппен сағатына 200 текше метр су тазартып шығарады. Қондырғы екі желіден тұрады. Бірі жөндеуге тоқтаса, екіншісі іске қосылады. Осылайша су тазартқыш  қондырғы үздіксіз жұмыс істейді.

Сондай-ақ  Комаров тау-кен кәсіпорынында су сапасын бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылған.

Ырысалды Комутова, «Комаров тау-кен кәсіпорыны» ЖШС жетекші инженер-экологы:

- Қандай да бір көрсеткіші асып түсіп жатса, ол орталық жүйеде көрінеді. Лезде оның себеп-салдары тексеріледі. Әзірге ондай жағдай болған жоқ.

Былтырдан бері кәсіпорын кеніш орынын прогрессивті құнарландыру жобасын іске асырып жатыр. Бос жынысты тау қылып, сыртқа үймей, бірден қазба жұмысы аяқталған аумаққа төгіп, толтырып, тегістеп отырады. Бұл топырақ қабатының бұзылмауына, шаң-тозаңның таралмауына бірден-бір сеп. Сондай-ақ айналаны көгалдандыру ісі де ерекше маңызға ие. Биыл санитарлық қорғаныс аумағында 14 мың түп қарағаш егілді.    

Маргарита Биртаева, «Комаров тау-кен кәсіпорыны» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:

- Экологиялық іс-шараларды үнемі өткізіп отырамыз. Мектеп жанындағы жасылдар клубымен тығыз байланыстамыз. Қандай бір бастамаларына көмек-қолдау көрсетеміз. Бүгін, міне, бірге Пригродный ауылында көшет егуге шықтық.

Solidcore Resources компаниясына қарасты Комаров кенішінен жылына ашық әдіспен 2,7 миллион тонна кен алынады. Әр тоннасынан шамамен 1,5 грамм алтын шығады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz